Павлодардағы «Баянтау» спорт кешеніндегі жөндеу 20 тамызға дейін аяқталады
Зақымданған гимнастикаға арналған зал толық қалпына келтіріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков «Баянтау» спорт кешеніне қайта барып, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Қазір нысанның шатырына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұған дейін құрылыс кезінде жауын-шашынның салдарынан гимнастика залын су басып, еден жабыны бүлінген болатын. Қазіргі таңда мердігер компания өз қаражаты есебінен жабындыны толық ауыстырып, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қала әкімінің айтуынша, барлық жұмыс 20 тамызға дейін толық аяқталуы тиіс.
– Ата-аналар мен спортшылар бұл мәселе бойынша маған жиі хабарласады. Сондықтан оны жеке бақылауымда ұстап отырмын. Қазір залдағы ылғал да, жағымсыз иіс те толық жойылғаны байқалады, – деді Хасар Хабылбеков.
Мердігер ұйымның мәліметінше, бүгінде еден толық кептіріліп, бүлінген бөліктері түгелдей алынып тасталған. Шатырды жабу 15 тамызға дейін аяқталады деп жоспарланған. Осыдан кейін гимнастика залын қалпына келтіру толық тәмамдалып, спортшылар жаттығуларын қайта бастайды.
Сонымен қатар, шатырдағы пластик элементтер металл конструкциялармен ауыстырылады. Қазіргі уақытта жауын-шашын кезінде шатырдан су ағу фактілері тіркелген жоқ.