Шарбақты ауданында балалар атқа мінуді үйренуде
Галкино және Шегірен орта мектептерінде киіз үй лагерьлері ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, балалар жазғы уақытта ұлттық өнермен, ойындармен және шығармашылықпен танысады.
– Қыздар ұлттық өрнектер мен үй шаруашылығы негіздерін меңгереді, өрім тоқумен, түрлі материалдардан әшекейлер мен бұйымдар жасаумен айналысады. Сүттен ұлттық тағамдар – құрт, коспа, талқан жасауды, ұлдар қамшы тоқуды үйренеді, ат әбзелдері мен ер тоқымдардың безендірілуін зерттейді және жасайды, – дейді басқармада.
Сондай-ақ, балалар жылқыларды күту және атқа міну негіздерімен танысады. Лагерьлер бағдарламасында қазақ халқының түрлі замандағы өнер туындыларымен танысу қарастырылған.
Ең бастысы, киіз үй лагерлерінің жұмысына ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары, ата-әжелер клубтары қатысады. Олардың көмегімен ұлттық салт-дәстүрлер жайлы театрландырылған қойылымдар өткізіледі.
Киіз үй лагерьлерінде үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейді, лагерьлердің жұмысына киелі орындарға, табиғатқа шығу, Павлодар қаласындағы мұражайларға, театрларға экскурсиялар кіреді.