Павлодарлық журналистер заңнаманы қайта қарауды талап етуде
Журналистердің «Масс медиа туралы» заң жобасына көңілі толмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбаевтың пікірінше, құжаттың артықшылықтарымен қатар, кемшіліктері де баршылық.
- Қазіргі кезде журналистердің міндеттері көп те, құқықтары жоқ. Құқықтық қауіпсіздік, әлеуметтік жағынан кепілдіктер беру керек. Ол үшін журналистерге арнайы мәртебе беру керек. Журналист жұмысы – әлемдегі ең қауіпті жұмыстардың қатарында. Қаңтар оқиғалары кезінде тілшілерге 34 рет шабуыл жасалған. Қазіргі кезде журналист мүмкіндіктері шектелген. Меніңше, бұл заңды асықпай, журналист өтініштерін ескеріп, жан-жақты зерделеп алып қабылдау керек, - дейді тәжірибелі журналист.
Еуразия Бірінші арнасының өңірлік тілшісі Майя Шуақбаеваның да «Масс медиа туралы» заң жобасына көңілі толмайды.
- Жеке өзімді журналист материалына қатысты талап қоюдың ескіру мерзімі ұғымының жоқтығы қынжылтады. Яғни, журналист 10-15 жыл бұрын шыққан материалдары үшін заң алдында жауап беруі мүмкін. Кез келген уақытта бізді заң алдында қорғай алатын осыншама аудио немесе видеотаспаларды сақтайтындай мүмкіндік жоқ. Мұндай заң сөз бостандығы немесе демократияны қорғамайды, керісінше, журналистердің жұмысын одан әрі шектейді, - дейді Майя Шуақбаева.
Айта кетейік, қазіргі кезде «Масс медиа туралы» заң жобасы қоғамда талқылануда. Заң жобасы төрт мәрте түзетілгенімен, әлі де БАҚ өкілдеріне ұнамайды. Журналистер құқықтары шектелуде деп есептейді.