Павлодар облысында найзағай тартқыштарды орнату мәселесі қарастырылады

Павлодар облысында найзағай тартқыштарды орнату мәселесі қарастырылады
Фото: pexels.com

Найзағай жарқылы түсуі мүмкін қауіпті аймақтар анықталатын болады,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірлік даму орталығында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының 2023 жылғы қорытындысы шығарылды. 

Былтыр облыста жалпы ауданы 3905 мың гектар жерде орман өртінің 207 фактісі тіркелді. Оның ішінде 155 жағдайда найзағай разрядтары себепші болды, бұл 75%-ды құрады. Ал 28 жағдайда өрттің себептері анықталмады, сондай-ақ 22 жағдайда дала өрттері мемлекеттік орман қор аумағына көшкен. Тағы екі жағдайда электр желісінің үзілуіне байланысты өрт шыққан. Жалпы орман өрттерінен келтірілген залал екі миллион теңгеден асады. 

Кеңесте облыстық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Шаймарданов  найзағай тартқыштарды орнату мәселесін көтерді. 

– Өткен жылы өрттердің негізгі себебі найзағай разрядтары болғаны бәріне мәлім. Орманның найзағайға бейім жерлерін зерттеу туралы ұсынысты енгізгім келеді. Содан кейін жобаларды талқылап, найзағай тартқыштарды орнату бойынша аймақтарды зерделеу қажет. Оған қоса биыл орманға байланысты өрт қауіпсіздігі ережелерінде толықтырулар енгізілді. Сол бойынша жұмысты жетілдіру қажет, – деді Қайрат Шаймарденов.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев та бұл сұрақтың өзекті екенін жасырмады.  

– Шынымен де өңірде найзағай тартқыштар жоқ. Ертіс орманы резерваты бойынша бұл мәселені көтердік. Найзағай салдарынан өрт көп шыққан орманшылықтарды зерттедік. Әрине, әр гектарға ондай құрылғыны қоя алмаймыз. Орманшылықтарда найзағай тартқыштарды оранту үшін қаражат жеткіліксіз, – деді ол. 

Оның сөзінше, осындай бір найзағай қабылдағыш 250 мың теңге шамасында тұрады. Биыл резерват қауіпті 10 аймақ бойынша найзағай тартқышты орнатуды көздеп отыр. Инспекцияның басшысы Баянауыл ауданы таулы жер болғандықтан, найзағай қабылдағыштарды орнату бойынша өзіндік қиындықтар туындауы мүмкін деп санайды.