Павлодар облысында Түркия азаматы есірткі сатумен айналысқан
Ол екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының прокуратурасының баспасөз қызметінше, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелері бойынша полиция қызметкерлері 36 жастағы Түркия азаматын ұстады. Ер адамнан ақ түсті ұнтақ заты бар полиэтилен пакет тәркіленді.
– Ұсталған адамның телефонын тексеру барысында есірткі салған екі орын анықталды. Ол жерлерден ақ түсті ұнтақ затқа ұқсас екі пакет табылды. Тінту барысында ұсталған адамның үйінен есірткі салынған орауыш материал және сараптамамен расталған «мефедрон» салынған пакет тәркіленді,– деді облыстық прокуратурада.
Бұл факті СДТБТ-да ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі 1,5-тармақтары (адамдар тобының алдын ала сөз байласу, ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы жасаған психотроптық заттардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркелген. Тергеу сотының санкциясымен Түркия азаматы екі айға қамауға алынды.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша сыбайласы 41 жастағы РФ азаматы ұсталды. Оған қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.