Павлодарлық педагогтар республикалық байқаудан жүлдемен оралды
Ақтау қаласында өткен «Сервис» бейіні бойынша III республикалық байқауына облыстан 4 ұстаз қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, өңірдегі колледж педагогтері жыл сайын кәсіби шеберлік конкурстарына қатысуды дағдыға айналдырған.
Аталмыш байқауға Павлодар қызмет көрсету саласы колледжінің өндірістік оқыту шебері Дана Ахмедова «Киім дизайны» саласы бойынша қатысып, «Үздік маман» аталымының иегері атанды.
- Мұндағы конкурстық тапсырма Worldskills стандарттарының спецификациясына сәйкес бағаланған бірнеше модульдерден тұрды. Конкурстық тапсырма әйелдердің маусымдық пальтосының техникалық суретін орындауды қамтыды. Осы аталымға қатысқан Шарбақты аграрлық-техникалық колледжінің педагогі Иван Воронов және Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің ұстазы Земфира Әбдірахманова Алғыс хатпен марапатталды, - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, сервис және тамақтану колледжінің оқытушысы Анна Орлова «Сервис және қызмет көрсету» саласы бойынша қатысып, жүлделі 3-орынды иеленді.
Осы бағытта бақ сынаған қатысушылар телефон нөмірлерін брондау, қонақтарды орналастыру, VIP тур жасау, қонақтарды брондау, walk-in қонақтарын орналастыру, көшіру процедурасы, KPI есептеу, іскерлік хат алмасу сияқты әртүрлі тапсырмаларды орындай отырып, «Қонақүйді басқару» құзыреттілігінде дағдыларын көрсетуі керек болды.