Павлодарлықтарға тұтынушылар құқығын қорғау заңына қандай өзгерістер енгізілетіні айтылды
Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы енгізілетін өзгерістер әзірленіп, Парламентке қарауға жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдышев мәлім етті. Ол заңда орын алатын негізгі 4 өзгеріске тоқтала кетті.
– Бірінші абдусмен енгізу жоспарлануда. Қазір балалардың құқығын қорғау саласында абдусмен бар. Абдусмен институтын енгізу арқылы тұтынышуылардың құқығын қоғам болып қорғау, жалпы тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесінің маңызы артады деп ойлаймыз, – деді Дәулен Қабдышев.
Екінші өзгеріс – тұтынушылардың қорғау жүйесінің 4 кезеңінен 2 кезеңге өту. Өйткені, тұтынушылар арасында 4 кезеңенен өтпей, бірден сотқа жүгінгісі келетіндер көп.
– 1-кезең кәсіпкердің өзіне шағым бойынша жүгіну. Егер мәселе шешілмесе, 2-кезеңде медиация арқылы шешуге әрекет жасалады. Онда шешілмесе, 3-кезеңде бізге мемлекеттік органға өтініш білдіреді. Біз тексеріс ашамыз. Егер мәселе біздің құзыретімізге жатпаса, онда тұтынушы 4-кезеңде сотқа жүгінеді. Енді өзгеріс бойынша тұтынушы кәсіпкердің өзіне жүгініп, мәселе шелімесе, бірден сотқа жүгінетін 2 кезең енгізіледі, – деді Дәулен Қабдышев.
Үшінші өзгерісте кәсіпкерге айыппұл салу көзделуде. Мысалы, тұтынушыға шығын келтірілсе, кәсіпкер ол шығынды өтеуден бас тартса, іс сотта қаралып, сот кәсіпкерге шығынды өтеу туралы шешім қабылдап жатады.
– Енді оған қоса, кәсіпкерге айыппұл салу жоспарлануда. Сонда кәсіпкерлердің жауапкершілігі артады деген үміт бар, – деді Дәулен Қабдышев.
Соңғы өзгеріс – тұтынушылардың құқығын қорғау қағидаларын барлық қызмет көрсету саласына енгізу. Туристік, медициналық қызмет көрсету саласы және т.б.
Еске салайық, бұған дейін тұтынушылардың құқығын қорғау заңы бойынша Павлодар облысында аяқ киім сатып алған адам ақшасын қайтарып алғанын және басқа жағдайда бұзылған бояу сатқан дүкенге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.
Фото: ашық дереккөздерден