Итті қарғыбаусыз серуендеткен павлодарлық әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Итті қарғыбаусыз серуендеткен павлодарлық әкімшілік жауапкершілікке тартылды
ЖИ иллюстрациялық суреті

Себебі ит балаларға үріп, айналасындағыларды қорқытқан,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Павлодар облысының полицейлері иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету ережелерін бұзудың алдын алу, сондай-ақ тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. 

Рейд барысында тұрғындарға құқық бұзушылықтардың алдын алу және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Төртаяқты жануарларды бағып-күтіп отырған адамдардың басым бөлігі белгіленген талаптарға түсіністікпен қарап, заң талаптарын сақтайды. Алайда ережелерді бұзу фактілері де кездеседі. Атап айтқанда, иттерге тұмылдырық тақпау, сондай-ақ оларды қарғыбаусыз серуендету жағдайлары тіркеледі.

Мәселен, рейд барысында Ткачева көшесі, 24 мекенжайындағы стадионда әйелдің итін тұмылдырықсыз серуендеткені анықталды. Төрт аяқты үй жануары балаларға үрген. Учаскелік полиция инспекторы ит иесін әкімшілік жауапкершілікке тартып, профилактикалық әңгіме жүргізді.

– Біз қолға үйреткен үй жануарларының әр әрекеті үшін жауаптымыз. Әсіресе, бөгде адамдардың қауіпсіздгі бірінші орында болуы керек. Десе де арамызда заң талаптарын елемейтін азаматтардың бары жасырын емес. Жыл басынан бері облыс орталығында осындай заң бұзушылықтар үшін 1723 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Тәртіп сақшылары әкімшілік хаттамалар толтырудың басты мақсат емес екенін ерекше атап өтеді. Сонымен қатар, негізгі басымдық – адамдардың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көшелер мен аулалардағы тазалықты сақтау, сондай-ақ санитарлық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету.