Президенттік олимпиада: Павлодарлық екі оқушы республикалық кезеңге жолдама алды

Президенттік олимпиада: Павлодарлық екі оқушы республикалық кезеңге жолдама алды
Фото: Білім бөлімі

Іріктеліп шыққан екі оқушы республикалық кезеңге қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, республикалық Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңіне 11-сынып оқушылары арасында қаланың № 2, 39, 41, С. Торайғыров атындағы, А. Байтұрсынұлы атындағы, М. Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептердің жеті оқушысы және қалалық кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері  қатысты.

– Аймақтық іріктеу олимпиадасы екі кезеңнен тұрды. Олимпиаданың бірінші турының шарттары бойынша қатысушылар математика, физика, химия, биология бойынша тапсырмаларды орындады. Олимпиаданың екінші кезеңінде осы пәндер бойынша тест тапсырмаларын орындап, берілген тақырыпқа эссе жазды, – дейді бөлімде.

Бірінші кезең қорытындысы бойынша, олимпиаданың екінші кезеңіне № 39 мектептің оқушысы Әмірәлі Ілияс, С. Торайғыров атындағы мектептің оқушысы Егор Линков, А. Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің оқушысы Нариман Әбішев  өтті.

Олимпиаданың екінші іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Әмірәлі Ілияс пен Нариман Әбішев қараша айында өтетін республикалық кезеңге өтті.