Павлодарлықтар жер қатынастарына қатысты мәселені онлайн шеше алады
Қаңтар айынан бастап жер қатынастары саласында тағы үш қызмет автоматтандырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының хабарлауынша, енді жердің нысаналы мақсатын өзгерту, жалдау мерзімін ұзарту және жер учаскесін сатып алу қызметтерін онлайн алуға болады.
– Цифрлық форматқа көшкен қызметтердің бірі – жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту. Мәселен, ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жер учаскесін құрылысқа пайдалану үшін оның нысаналы мақсатын қашықтан өзгертуге болады. Сондай-ақ жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту қызметі де онлайн қолжетімді. Егер жалдау мерзімі аяқталуға жақындаса, оны ұзарту туралы өтінішті 90 күн бұрын онлайн беруге болады, - дейді мемлекеттік корпорация өкілдері.
Бұдан бөлек, жер учаскесін жеке меншікке сату рәсімі де цифрландырылды. Жерді онлайн түрде біржолғы төлеммен немесе бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады. Бұл меншік құқығын рәсімдеу процесін жеңілдетеді.
Қызметтерді жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесі, электрондық үкімет порталы және жергілікті атқарушы органдардың интеграциясы арқылы алуға болады.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызметтерді, соның ішінде жер қатынастары саласындағы қызметтерді де кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіруде. Бұл азаматтар мен бизнес өкілдеріне қолжетімді болуға мүмкіндік береді.
Айта кетелік, былтыр жер қатынастары саласындағы қызметтерге Павлодар облысының 19 282 тұрғыны жүгінген.