«Мейірімділік қоржыны»: Павлодарлық кітапхана қайырымдылық акциясын өткізеді
Іс-шара балалары бар әйелдерді әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығына арнайы бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері 15 наурызда «Көктемнің мейірімділік қоржыны» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Науқанның негізгі мақсаты – қайырымдылықты үйреншікті бағдарламаға айналдыру, позитивті, сәнді ету. Сондай-ақ, көктем мерекесі – Наурыз қарсаңында жылулық сыйлау.
– Наурыз мейрамының мерекелік күндерінің бірі – игі істер күні. Сол себепті, көмекке мұқтаж адамдарға жақсылық жасау, қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдердің рухын көтеру, өмірлік қиын жағдайға тап болған отандас-әйелдерді материалдық қолдау ниетімен акцияны жарияладық, – дейді С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана дамыту бөлімінің басшысы Айнагүл Жылқыбекова.
Айта кетейік, кітапхана ұжымы кітаптар, ойыншықтар, кеңсе тауарлары мен гигиена құралдарын сыйға тартады.
Сонымен қатар, облыстық кітапхананың әр айдың 15 күні қазақ халқының рухани құндылықтарымен таныстыру себебімен «Ұлттық күн» деп жарияланған.