Павлодар облысында күштік құрылым қызметкерлері арасында үздік шахматшылар анықталды

Павлодар облысында күштік құрылым қызметкерлері арасында үздік шахматшылар анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Сайысқа 87 қатысушыдан құралған 9 команда қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шахмат үйінде Senat Open – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Кубогының 1/8 финалдық кезеңі өтті. 

– Шахмат стратегиялық ойлауды, сабырлылықты және жедел шешім қабылдау қабілетін дамытады. Бұл қасиеттер спортта да, қызметте де аса маңызды. Сонымен қатар, «Senat Open» республикалық бастамасы түрлі құрылым қызметкерлерін біріктіріп, зияткерлік спортты кеңінен насихаттауға ықпал етуде, – деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Жандос Орынбаев.

Жарыс қорытындысы бойынша Павлодар облысы полиция департаментінің командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.

Жеке біріншілікте қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Арман Әубакіров жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сенаты Кубогының 1/4 финалдық кезеңіне Нұрлан Әубакіров, Дамир Тайлаков, Асымжан Салауат және гроссмейстер Арман Әубакіров жолдама алды.

– Қарсыластар осал болған жоқ, ойын тартыс әрі жоғары деңгейде өтті. Дегенмен, жинақылық пен нәтижеге деген ұмтылыс жеңіске жетуге мүмкіндік берді, – деді Арман Әубакіров.

Департамент басшылығы қызметкерлердің жоғары спорттық жетістіктерін қолдайтынын атап өтті. Бұл жетістіктер салауатты өмір салтын насихаттауға және полиция қызметкерлерін кәсіби әрі тұлғалық түрде дамытуға серпін береді.