Павлодарлық темір адам: Ақсүйек – жастардың оңаша кездесуіне дәнекер болған ойын

Павлодарлық темір адам: Ақсүйек – жастардың оңаша кездесуіне дәнекер болған ойын
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ойын шарты бойынша екі адамнан жұптасып, жасырылған сүйекті іздейтін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан рекордтар кітабына енген қазақтан шыққан темір адам Жеңісбек Қадырұлы халқымыздың ұлттық ойыны – ақсүйек ойыны тарихы жайлы айтып берді.

–   Ақсүйек ойынында малдың сүйегін, жілігін қолданады. Бұл ойын жаздың немесе көктемнің жылы, ашық түнінде ойналады, – дейді ол.

Ойынға негіз ретінде малдың ақсөңкелеп қураған жілігі немесе қабығы аршылған, ұзындығы екі қарыстай жұмыр ақ таяқша (ақсүйек) пайдаланылады. Ертеде «Ақсүйек» ойынын той-томалақ жасаған үй иелері ұйымдастыратын. Ондай кезде алдымен айтыс, ән-жырға кезек тиеді. Үлкендер жағы жастарға тәлім айтып, қисса-дастандар оқитын болған.

Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, жеребе арқылы қай топтың бірінші болып ойынды бастайтынын анықтайды. Ойын бастаушы адам ақсүйекті бар күш-жігерімен алысқа лақтырады. Сол сәттен бастап ойын басталады, екі топ та ақсүйекті іздеуге кіріседі.

Ақсүйекті тапқан ойыншы дереу өз тобының мүшелеріне дыбыс беріп, сөреге қарай жүгіреді. Осы кезде топ мүшелері оған қарсыластарының тосқауыл жасауына жол бермеуге, ал қарсылас топ болса, ақсүйекті тартып алуға барынша тырысады. Ақсүйекті сөреге бірінші жеткізген топ жеңіске жетеді.

–  Ақсүйек ойыны тек жарыс пен ептілікті сынау емес, сонымен қатар, жастардың басын қосып, өзара жақын араласуға мүмкіндік беретін дәстүрлі ойын болған, – дейді Жеңісбек Қадырұлы.

Көптеген аңыздарға сәйкес, атақты ақындар мен сал-серілер өз сүйіктілерімен осы ойын арқылы танысқан. Мәселен, Ақан сері Ақтоқтымен, Абай Әйгеріммен, Біржан сал Ләйлімен осы ақсүйек ойыны арқылы танысқан деген деректер бар.

Қазіргі кезде ұмыт болған бұл ойын ертеде ұлттық дәстүр мен мәдениеттің сақталуына және ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне үлкен үлес қосқан.