Павлодарлықтарды домбыра тартып, күй күмбірлетуге шақырады
Өнерпаздар шаһарды күймен көмкермек, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Ертең, яғни 2 шілде – Ұлттық домбыра күнінде облыстық «Шаңырақ» орталығы халық көп жиналатын бірнеше орында ерекше концерттік бағдарлама ұсынады және тұрғындарды бірге домбыра тартып, күй күмбірлетуге шақырады.
Негізгі іс-шара Академик Шөкин көшесі, 2/2 мекенжайында орналасқани Өзен сапаржайында өтеді.
Жұртшылықты «Qagan» этно-фьюжн тобы, «Шаңырақ сазы» сияқты іргелі мәдени ұжымдар өнерімен тәнті етпек.
– Сондай-ақ, тұрғындар аталған өнерпаздармен бірге күй тарту мүмкіндігіне ие болады. Ұлттық домбыра күні – жалпыхалықтық мереке. Сондықтан баршамызға ортақ мерекеде қазақтың қара домбырасының қасиетін түсініп, қасына серік еткен павлодарлықтарды бізбен бірге күйден күмбірлетуге шақырамыз, – дейді «Шаңырақ» орталығы директорының міндетін атқарушы Дулат Құрманбаев.
«Кел, домбыра тартайық!» шарасы Өзен портында, сағат 15:00-де басталады.