Павлодарлық би ұжымы театрландырылған нөмірлер ұсынбақ
Сахнада түрлі халықтардың мінезі мен әуендері шебер көркемдік өңдеумен және әсерлі хореографиямен үйлесе жаңғырмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
5 желтоқсанда сағат 19:00-де И.Байзақов атындағы облыстық филармонияда Concert: folk ballet Sherniyaz атты хореографиялық шоу өтеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, дәстүр мен заманауилық, би өнерінің шексіз энергиясы тоғысқан ерекше атмосфералы кеш болмақ. Белгілі «Шернияз» хореографиялық ұжымы көрермендерге мүлде жаңа бағдарламасын ұсынады.
– Біз әрқашан көрерменді таң қалдыруға, қуаныш, шаттық, шынайы шабыт пен ұмытылмас сезімдер сыйлауға тырысамыз. Сондықтан әр премьерамыз – үлкен шығармашылық жол мен орасан еңбек. Өйткені, батыл идеялардың туындауынан бастап виртуалды бейнелерді үлкен сахнадағы нақты сюжеттерге айналдыруға дейін айлап жалғасатын көп сағаттық дайындық қажет. Бұл – өте нәзік те күрделі жұмыс, ал осы қайнаған үдеріске бүкіл ұжым тартылады. Әртістеріміз әрбір қимылдың, әрбір қол сермеудің, әрбір акценттің мінсіз дәл, анық, әсерлі әрі бір мезгілде жеңіл және әсем болуына жан аямай еңбек етеді, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстан мәдениетінің үздігі Нұрлан Беков.
Бағдарлама авторларының ойы бойынша, бұл кеш әлемнің мәдени кеңістіктеріне жасалатын сапар болмақ. Көрермендерді әсерлі дуэттер, жүрекке жететін жеке нөмірлер және ансамбльдің бас балетмейстері Шахадат Бекованың ауқымды театрландырылған премьералары күтеді.
Мерекелік кештің қонақтары – «Лад» орыс халық аспаптары ансамблі, Алима Макитованың «Кавказ» би студиясы, «Беларусь мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің «Надзея» халық вокалдық ансамблі және «Эльпида» грек этномәдени бірлестігінің «Нэос» вокал тобы.
Осы жарқын мәдени оқиғаның куәсі болған әрбір көрермен мол қуатқа, ізгі де жағымды энергияға бөленіп, тамаша әсерлерге кенеледі.