Павлодарда «Ertis Promenade» сахнасында қазақша хиттерден би кеші өтеді

Іс-шараны Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы ұйымдастыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
18 маусым күні сағат 18:00-де «Ertis Promenade» сахнасында павлодарлықтар мен қала қонақтары үшін ашық аспан астында ерекше концерт пен қазақша әндерден құралған би кеші өтеді.
Кеш барысында өңірдің үздік шығармашылық ұжымдары — «RUH» этно микс тобы, «Шаңырақ сазы» халықтық ансамблі және жекелей танымал орындаушылар өнер көрсетеді. Сондай-ақ, «Auen» студиясының жас таланттары да сахна төріне шығады.
— Бүгін павлодарлықтарды ұмытылмас кеш күтіп тұр. Әсем ән мен тәтті күйден, мың бұралған бишілеріміздің өнерінен шашу шашамыз. Сондай-ақ, қазақша хит әуендерден би кеші ұйымдастырылады, — деді «Шаңырақ» орталығының басшысы Замира Солтанова.
Кеш «Ertis Promenade» сахнасында өтеді және қазақ өнерінің жаңғырығы мен заманауи әуендердің үндестігімен ерекшеленбек. Ашық аспан астындағы бұл мерекелік шара павлодарлықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жазғы маусымның жарқын сәттерінің біріне айналмақ.