Павлодарлық кітапханашы міндетті түрде оқу керек үш кітапты атады
Бүгінде кітапқа құмар жастардың саны артып келе жатқаны байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қорды қалыптастыру бөлімінің басшысы Жазгүл Қажыбаева мәлім етті.
– Тарихымызда ұлы тұлғалар қалдырған, әдебиеттер мен кітаптар жеткілікті. Менің ойымша, әрбір қазақ баласы оқу керек кітаптардың ішінде Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» туындысы болуы тиіс. Жастар үшін тәрбиелік мәні зор кітаптардың бірі. Әрине, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» ұмыт қалдырған жөн болмас. Лирикалық туындылар ішінде жастар да қызығып оқитын кітаптардың бірі – «Махаббат қызық мол жылдар» кітабы, – дейді Жазгүл Қажыбаева.
Спикердің айтуынша, бүгінде кітапханаға келетін жастардың саны көбейген. Олар көбінесе қаржылық біліктілік және мотивациялық кітаптарды оқығанды жөн санайды.
– Жастар көбінесе мотивациялық, бизнес жайлы кітаптарды көп оқиды. Тіпті, қаламызда бірнеше кітап оқитын жастар тобы бар. Біз оларды кітапханамызға шақырып, кітаптарды осында талқылап, өздерінің ортасын құруды ұсынудамыз, – дейді С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова.
Айта кету керек, облыста 227 көпшілік кітапхана жұмыс істейді. Оның екеуі – облыстық, оны – аудандық, он бірі – қалалық, жетеуі – балалар, 197-сі – ауылдық кітапханалар.