Павлодар облысында су басу қаупі бар аймақтарда бөгеттер салынды

Су өткізгіш құбыры және су бұру арықтары жабдықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, су тасқыны қаупі бар деген Ақтоғай және Ертіс аудандары тексеріліп, күштер мен құралдардың, арнайы техникалардың дайындығына тексеру жүргізілді.
Ақтоғай ауданы облыс басшылығы мен ТЖД ерекше бақылауында. Тарихи су басу қаупі аймағына кіретін Шолақсор ауылының айналасында биіктігі 2 метрге дейін жететін 8,3 км қорғаныс бөгеті жасалды. Ауылдың кіреберіс жолында 5 су өткізгіш құбыр жұмысқа дайын.
Осы жерде мұздың кептеліп қалу қаупін және өзеннің арнадан шығып кетуін болдырмау үшін Сілеті өзенінде мұзды жару жұмыстарын жүргізу қажет болған жағдайда арнайы ұйымдарды тарту мәселесі талқыланды.
Өткен жылы су тасқынынан зардап шеккен Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында ауқымды инженерлік жұмыстар атқарылды. Биіктігі 3 метрге дейін жететін 2,3 км бөгет тұрғызылды, еріген суды жинау үшін жалпы көлемі 200 мың м болатын үш қазаншұңқыр және екі су бұру арықтары жабдықталды.
Сондай-ақ, ауданды аралау барысында Басқамыс-Қарақоға-Шұға-Жолболды автожолындағы Шұға ауылының маңындағы 8 су өткізу құбырының және 2024 жылы Жолболды-Шілікті автожолында орнатылған 3 су өткізу құбырының жай-күйі тексерілді.
- 2024 жылы Әуелбек, Жаңабет, Жамбыл ауылдарының айналасында биіктігі 2,5 метрге дейін жететін бөгеттер тұрғызылды. 30 бірлік арнайы техника дайындалды. Қыс мезгілінің басынан бастап ауданның елді мекендерінен 1260 тонна қар шығарылды, жұмыстар әлі де жалғасуда, - деді аудан әкімі Қаршыға Арынов.
Сонымен қатар, Ертіс ауданының Ұзынсу, Тоқта ауылдарының су тасқыны қаупі бар учаскелерін қарап, арнайы техниканың су тасқыны кезеңіне дайындығы тексерілді. 70 бірлік техника бар, осы кезеңде жұмыс істеу үшін барлық күштер мен құралдар жұмылдырылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов апта сайын метеорологиялық жағдайға мониторинг жүргізуді, су тасқынынан болатын залалдың алдын алу бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырды.