Павлодарлық мұғалім министрден смартфон алды
Ғани Бейсембаев «Қазақстан мұғалімдері» байқауының жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Алматы қаласы, Павлодар мен Жетісу облыстарынан келген үш педагогке соңғы үлгідегі смартфондар тарту етілді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен TikTok платформасы өткен жылдың қараша айында «Қазақстан мұғалімдері» немесе «Учителя Казахстана» ортақ хэштегімен педагогтерге арналған креативті байқау өткізген. Педагогтерге пайдалы лайфхактардан бастап, күнделікті ағартушылық қызметтен сторителлингтерге дейінгі роликтерді жариялау қажет болды.
Байқау қорытындысы бойынша «TikTok 2023 мұғалімі» номинациясы бойынша «Үздік бейнеролик» номинациясында павлодарлық бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Игорь Гноевой @andreichadela жеңімпаз атанды.
– Мұғалім болу – бұл мәртебелі қызмет. Өзімнің бейнероликтерімде мамандығымыздың қаншалықты маңызды екенін және ең бастысы, балалармен ортақ тіл таба білу қажеттілігін көрсеткім келді. Өйткені, балалардың белгілі бір пәнге қызығуы сабақтың, тапсырмалардың қызықты берілуіне байланысты, – деді Игорь Гноевой.
Биыл жоба одан да ауқымды болып, байқауға мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары да қатысты. Барлығы #Қазақстанмұғалімдері және #УчителяКазахстана жобасының ресми хэштегтері бойынша қаралым саны 800 миллионнан асты.
Жеңімпаздарды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен TikTok өкілдері құттықтап, бағалы сыйлықтар – IPhone 15 Promax смартфондары мен Алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ жоба жеңімпаздары министрліктің жаңа жобаларына шақырту алды.