Павлодарлық онкологтар жатыр мойны обырын алғашқы сатыларға дейін тоқтатпақ
Қатерлі ісіктің алдын алудың жолы – вакцинация, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлем бойынша 156 елде адам папиллома вирусына қарсы вакциналау жүргізілуде. Биыл Павлодар облысында вакцинация бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Онколог мамандар 11 жастағы қыздарға ерікті келісіммен вакцина егеді.
– Облыста 2015 жылы адам папиллома вирусына қарсы вакциналау бастау алған еді, алайда антиваксерлердің қарсылығынан бұл бағдарлама тоқтап қалды. Адамның папиллома вирусы жатыр мойны обырын туындататыны ғылыми дәлелденген, – деді облыстық онкологиялық диспансер бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Борисенко.
Оның сөзінше, вакцина тірі емес, қауіпсіз әрі тегін жасалады. Онкологтардың өздері мектептердегі ата-аналармен кездесулерде вакциналаудың қажеттілігін түсіндіреді.
– Егер ата-аналар келіспесе, онда ешкім күштеп вакциналауға мәжбүрлемейді. Бірақ біз вакцинаның не үшін қажет екендігін айтатын боламыз, – деп сендірді спикер.
Онкологтың айтуынша, адам папиллома вирусын және жатыр мойны обырын вакцинацияның көмегімен алдын алуға болатын диагноздарға жатады. Сондай-ақ, вакцина қыздардың болашақта ана болуына ешқандай әсер етпейді.