Павлодарда Наурыз мерекесінде Қайрат Нұртас пен Еңлік өнер көрсетеді
Мейрам аясында өңірде 2000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында биылғы жылы Наурыз мерекесі Мемлекет басшысының 2024 жылдан бері қалыптасқан Наурызнама онкүндігі форматында 14-23 наурыз аралығында ұйымдастырылып, өткізіледі.
– Наурыз мейрамын мерекелеуге өңірімізде 2000-нан астам іс-шаралар жоспарланған. Әдеттегідей 1 наурыз күні «Ең әдемі киім – Ұлттық киім» акциясынан басталды, – деді басқарма басшысы.
14 наурыз күні Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» әфсанасы қойылады.
15 наурыз «Ардагерлер үйінде» қарттарға арналған үлкен шара өткізіледі.
18 наурыз күні облыстық «Шаңырақ» орталығында «Ұлылардан - ұлағат» оқушылар арасында ақындар айтысы, «Ертіс» музейінде «Ұлттық киім – мәдениеттің көрінісі» этнодефилесі болады.
Наурыз мейрамы 21 наурыз күні Павлодар облысының ауылдарында және 22 наурыз күні қала мен аудан орталықтарында кең көлемде атап өтіледі.
21 наурыз күні Павлодар қаласының шағын аудандарында (16 киіз үй) және ауылдық жерлерде (5 киіз үй) киіз үйлер тігіліп, мерекелік думандар ұйымдастырылады.
– 22 наурыз күні Павлодар қаласында 35 киіз үй, Екібастұз қаласында 25 киіз үй, Ақсу қаласында 20 киіз үй құрылады. Биылғы ерекшелік қала мен аудандар облыстық деңгейдегі Наурыз мейрамын атап өтуге атсалысады.
Орталық алаңда төрт киіз үйден тұратын алты ауыл құрылып, он көрмелік киіз үй орнатылады, – деді Медет Тауасқан.
Мерекелік концертте Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншілері, өнер ұжымдары және арнайы шақырылған қонақтар – Қайрат Нұртас, Еңлік және «Тұран» тобы өнер көрсетеді.
Екібастұз қаласының хэдлайнерлері – Рамазан Стамғазиев, Құрмаш Маханов, Ғазизхан Шекербек, Президенттік оркестрдің солистері Еркебұлан Сәрсенбеков, Бауыржан Нұрмұханов.
Ақсу қаласында шақырылған әнші – Жандос Қаржаубай.
Осы күні «Batyr mall» сауда орталығында «Шаңырақ» орталығының ұжымдарының «Әз Наурыз» мерекелік концерті, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Шәмші» спектакль-концерті, А.П.Чехов атындағы драма театрында «Завещание потомкам» қойылымы жоспарланған.