Павлодарлық педиатр баланың иммунитетін көтеру жолдарын айтты

Павлодарлық педиатр баланың иммунитетін көтеру жолдарын айтты
Константин Шелковтың фотосы

Балалар дәрігері күніне 20-25 сәбиге дейін қарайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Педиатр маманы баланың дүниеге келген сәтінен бастап 18 жасқа дейінгі кезеңде оның денсаулығына жауап береді. Дәрігердің негізгі міндеттеріне: ауру тарихын жинау, диагноз қою, емдеу, инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу, жоспарлы тексерістер, баланың салмағы мен бойын өлшеу, жүрек-өкпесін тыңдау, тері мен рефлекстерін тексеру, ата-аналарға жеке кеңес беру кіреді. 

Павлодар қаласының №3 емханасының педиатры, балалар жасындағы ауруларды біріктіріп жүргізу бойынша аймақтық координатор Айнаш Қозыбаева балалар денсаулығын қорғау, жиі кездесетін аурулар, міндетті екпелер мен күтім ерекшеліктері туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Педиатрдың айтуынша, кейде ата-аналар баланың жиі ауыруы – олардың салғырттығының салдары деп ойлайды. Алайда бұл дұрыс емес.

– Бала жиі ауыратын болса, ең алдымен оның иммундық жүйесіне, тамақтануына, қан құрамындағы өзгерістерге мысалы, анемия, ұйқы режиміне назар аудару қажет. Балабақша мен мектепке баратын кез келген бала көптеген вирустармен байланыста болады, сондықтан жиі суық тиюі қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Бұл жерде бастысы – дұрыс күтім мен алдын алу шараларын сақтау, – дейді дәрігер.

Айнаш Қозыбаеваның айтуынша, балалардың ең жиі ауыратын кезеңі екі немесе үш жас. Дәл осы кезде олар алғаш рет балабақшаға барып, түрлі инфекциялармен бетпе-бет келеді.

– Кейде емханаға жай ғана жедел респираторлық-вирустық инфекция емес, асқынған жағдайдағы балалар да жеткізіледі. Бұл пневмония, бронхит, риносинусит немесе отит сияқты диагноздар. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар баланың алғашқы белгілеріне мән бермей, уақыт жоғалтып алады. Соның салдарынан вирустық инфекциялар асқынады. Мұндайда балаға шұғыл медициналық көмек қажет болады, – дейді Айнаш Қозыбаева.

Бала дәрігерінің сөзінше, Қазақстан Республикасында екпелер ұлттық вакцинация күнтізбесі бойынша жүргізіледі 2018 жылғы №361 бұйрық. Алғашқы тәуліктерде перзентханада: БЦЖ және гепатит В вакцинасы, екі айлықта: АКДС, полиомиелит, гемофильді инфекцияға қарсы екпе, үш-төрт айлықта, қосымша екпелер, 12-15 айда, қызылша, қызамық, паротитке ҚҚП қарсы вакцина, 18 айда, АКДС ревакцинациясы, алты жаста, ҚҚП қайта егіледі.

Бұл екпелер қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алып, баланың өмірін сақтауда аса маңызды рөл атқарады.

– Әрбір ата-ана екпеден кейін болатын жанама белгілер туралы білуі тиіс. Олар қауіпті емес және қысқа уақытқа ғана созылады. Олар: температураның сәл көтерілуі, ине салған жердің қызаруы немесе ісінуі, әлсіздік, бұлшықет ауыруы, бас ауруы, сирек жағдайда қалтырау, – дейді педиатр. 

Бұл белгілер қалыпты реакция болып саналады және ата-аналарды алаңдатпауы керек. 

Педиатрдың қабылдауында күніне 20-25 балаға дейін қаралады.

– 2022-2025 жылдары Қазақстанда балалар арасында тіркелетін аурулар 7 пайызға азайған, – дейді ол.

Бұл көрсеткіштер алдын алу шараларының тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Баланың денсаулығы – әр отбасының ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Уақтылы екпе салдыру, дұрыс тамақтану, сапалы ұйқы, таза ауада серуендеу – бала иммунитетін нығайтып, жиі сырқаттанудан сақтайды.