Павлодарлық полицейлер демалыста мыңдаған құқық бұзушылықтың жолын кеседі

Павлодарлық полицейлер демалыста мыңдаған құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәртіп сақшылары қала көшелерінде тәулік бойы кезекшілік атқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, «102» нөміріне түскен шақыртуларға жедел ден қояды.

Патрульдік полиция батальоны екі ауысымда тәулік бойы жұмыс істейді. Әр ауысым алдында қызметкерлер нұсқамадан өтіп, олардың жабдықталуы, нормативтік-құқықтық базаны білуі және қызметке дайындығы тексеріледі. Экипаждарға жедел жағдай, іздеудегі адамдар, айдап әкетілген және ұрланған көліктер туралы ақпарат беріледі.

Әр автопатрульге белгілі бір маршрут бекітіледі. Қызметкерлер сол аумақтағы шақыртуларға барып, құқық бұзушылықтардың жолын кеседі. Маршруттар тұрақты түрде ауыстырылып отырады.

Патрульдік полицейлер қажет болған жағдайда жедел қызметтер келгенге дейін алғашқы көмек көрсетіп, қылмыс жасады деген күдікке ілінген және іздеуде жүрген адамдарды анықтауға да қатысады.

– Бұл біздің міндеттеріміздің толық тізімі емес. Әрбір шақырту мұқияттылықты, жеделдікті және кәсібилікті талап етеді. Құқық бұзушылықтың жолын дер кезінде кесу ғана емес, оқиғаға қатысушылардың барлығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды, – дейді патрульдік полиция қызметкерлері.

Полиция мәліметінше, тек демалыс күндерінің өзінде батальон қызметкерлері бір-екі мыңға дейін түрлі құқық бұзушылықтың жолын кеседі. Олардың қатарында қоғамдық орындарда алкоголь ішу, тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық, абаттандыру және жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық жанжалдар бар.