Ертіс ауданында заманауи бейнебақылау жүйелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде
Құрылғылар құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, бес қылмыс ашылды. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығы хабарлады.
Орталықтың аға инспекторы Әнуар Арынғазиновтің айтуынша, заманауи бейнебақылау жүйелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында енгізілген цифрлық технологиялар полиция қызметкерлерінің оқиғаларға жедел әрекет етуіне, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қылмыстарды ізін суытпай ашуына ықпал етеді.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға, жол жағдайын ескеріп, көлік қозғалысы кезінде мұқият болуға кеңес береді.
Сондай-ақ мал иелеріне ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертілді. Полицияның мәліметінше, жолға шығып кеткен мал жол-көлік оқиғаларына себеп болып, жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Мал жаю қағидаларын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылады.
Тәртіп сақшылары өкілдері қоғамдық қауіпсіздік пен жолдағы тәртіп әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін еске салады.