Ақтоғай ауданында шыбын-шіркейлер маусымның басында жаппай ұшып шығуы мүмкін
Алайда әзірге судың беті қайтқан жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ақтоғай ауданына барып, шыбын-шіркейге қарсы жұмыстармен танысып қайтты. Сәуір айының 10-ынан бастап күнделікті ғылыми түрде фенологиялық бақылаулар жүргізілуде. Ал 23 сәуірден бастап жаяу өңдеу басталды.
– Ақтоғай ауданының 20 мың гектарды жайылымы ұшақтармен өңделеді. Барлығы жалпы 52 ұшу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін ұшақ арқылы 12 өңдеу жасалды. Барлық жұмыстар биологиялық препараттармен жүргізіледі, – дейді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева.
Оның айтуынша, әзірге судың беті қайтқан жоқ, 7-10 күн шамасында өзен арнасына түседі деп жоспарлануда. Жалпы Ертіс алқабын 81 пайызға су басқан.
17 мамырда жағалаудағы Ақтоғай, Приреченск, Қожамжар, Қайран, Мүткенов және Естай елді мекендерінде тосқауылдық өңдеу басталды. Алда Қараой, Жамбыл, Қайран, Қожамжар, Приреченск, Ақтоғай, Жоламан, Әбжан, Мүткенов, Естай, Жаңабет, Жаңатап, Исатерек, Жаңаауыл, Қараоба, Әуелбек және Өтес елді мекендері қамтылады. Жағалаудағы 17 ауылды қамту жоспарлануда.
Бүгінгі таңда зиянкестерге қарсы өңдеу шаралары толық қарқынына енуі үшін Ертіс өзенінің сағасына түсуі күтілуде, дегенмен жұмыстар басталып кеткен және тоқтаусыз жалғасуда.
Мамандардың болжамынша, шіркейлер 5-6 маусым күндері жаппай ұшып шығады.