Павлодарда құтқарылған жабайы жануарлар мен құстар паналайтын жер туралы не білеміз?

Павлодарда құтқарылған жабайы жануарлар мен құстар паналайтын жер туралы не білеміз?

Бұл сұрақтың жауабын алу үшін  @Pavlodarnews.kz тілшісі Павлодар ауылында орналасқан белсенді демалыс орталығына жабайы жануарлар мен құстарды ұстайтын жерге барып келді. 

Павлодар қаласынан 17 км қашықтықта белсенді демалыс орталығы орналасқан. Демалыс аймағының басшысы - Игорь Байрамов. Ол Алматы облысының Фабричное ауылының тумасы. Демалыс аймағын 2017 жылы ашқан еді. Кейіннен бұл жерге еріктілер мен орманшылар облыстың түкпір-түкпірінен құтқарылған, түрлі жарақат алған, қажетсіз болып қалған жануарлар мен құстарды әкеле бастады. Орталыққа  келушілер балаларымен бірге демалуға, жануарларды көріп ұстауына болады. 

– Ең басында жануарларға деген сүйіспеншілік болған. Біз бұл іспен махаббатпен айналыса бастадық, – дейді Игорь Байрамов. 

Игорьдің арнайы алған ветеренарлық білімі жоқ. Бала жасынан бастап білген-көргені арқылы жануарларға емдеу шараларын қолданады.

– Жануардың қатты қиналып, ауырып жатқан халін көрсем оларды ветеринарға апарып, көрсетемін. Олар бізге жануардың қандай ауруға шалдығуы мүмкін екенін айтады. Екпе керек пе, дәрумендер керек пе деген сияқты кеңес аламыз. Қалған жағдайда өзім көмектесіп, керекті ем-дом шараларын істеймін, - дейді  Игорь Байрамов.

Игорь бала кезінен-ақ жануарларға жақын болған: үйіндегі сиырын бағып, оның төлдеуіне көмек еткен. Жануарлардың тілін тауып, оларды түсіне білетіні содан болар деп мойындайды Игорь Байрамов. 

– Бұл аймаққа 2017 жылдан бері әкелінген жануар мен құсты санаған да жоқпын. Бірақ олардың барлығын түрінен танимын және лақап аттары әрдайым есімде, - дейді орталық басшысы

Аумақта түрлі жануарлар мен құстар мекендейді. Қазіргі кезде мысықтар, хаски тұқымды иттер, қоян, ешкі, есек, ат, пони, шошқа жауарлары мен аққу бар. Ең көзге түсетін «Маша» атты шайқағыш жанаты, «Әкім» лақап аты бар түйе және «Ешкі» атты елік бар.  

Түйені «Әкім» деп досының құрметіне атаған еді. Оны Константиновка ауылынан сатып алған болатын. Қазіргі кезде Игорь бірнеше түйе ұстайды. Ал, «Маша» атты шайқағыш жанатты бір кездері экзотикамен айналысқан досы сыйлаған еді. 

– 2018 жылы бізге жанат тәрізді иттерді көп әкелетін. Көбінесе оларды жолда қағып, мүшкіл жағдайда болатындықтан құтқарып қалуға ешбір үміт қалмайтын еді, – деп еске алады Игорь Байрамов.

Былтыр аққұйрық субүркітін, үкілер, көгершіндер, еліктер көп әкелінген. 

Жануарлар мен құстарды демалыс орталығы тапқан ақшаға ұстайды. Аумақта үш қызметкер демалыссыз, түнімен жұмыс істейді. 

– Жеке қаражаттың 80%-ы жануарларды күтіп ұстауға  жұмсалады. Әрине, достарым және жомарт жандар көмектесіп тұрады. Мысалы, бізге бір келіп көргендер: «Игорь, саған сәбіз керек пе?» деп сұрайды. Мен қандай болсын көмекке әрдайым риза боламын,- дейді Игорь Байрамов.

Орталықтың аумағында иесінің артынан елік акито-ину тұқымды күшікпен ойнап, жүгіріп жүр. Игорьдің айтуынша, «Ешкі» атты елікті өткен жылы Ақтоғай ауданынан орманшылар әкелген. Сол кезде кішкентай болған елік бас жарақатын алған. Әлі күнге дейін көзінде жарасы бар. Игорь бұл жануарды еркіне жіберуді әзірше жоспарламайды. Игорьдің сөзінше, елік адамға бауыр басып қалды, сондықтан жабайы ортада тірі қалу мүмкіндігі аз. 

Оның айтуынша, құтқарылған аққулардың да жағдайы әлсіз болатын. Оларға дәрумендерді  шприц арқылы беріп отырған.  

– Шын мәнінде жануарлар көп нәрсені түсіне алады. Сіз оған жалаңаш қолмен жақындаңыз, олар өте сабырлы және жуас болады. Ал, егер жануарларға пышақпен келсеңіз әрине, олар сізден қорқып қашады,- дейді Игорь Байрамов.

Оның айтуынша, 21 ғасырдың балалары есек пен пониді бір бірінен ажырата алмайды.  Ал, кейбір адамдардың жануарларды көргенде  бірінші келетін ойлары оны атып, тамаққа пайдалану деп мойындайды Игорь.

– Мен осындай адамдарға таң қаламын. Балаларына «қарашы, бұл елік» деудің орнына, оны өлтірейік деп айтып жатады.

Демалыс орталығы күн сайын жұмыс істейді. Келем деушілер аймаққа дейін автобуспен жете алады.

Фото: Константин Шелков