Баянауылдық саятшы: Тазылар жарысы үшін канидром қажет

Баянауылдық саятшы: Тазылар жарысы үшін канидром қажет
Фото: pixabay.com

Мақсұтбек Көпжасаров –  сегіз қырлы, бір сырлы азаматтардың бірі, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қасқырдың күшігін асыраған 

Саятшы һәм қолөнерші жеті жасынан бастап тазыға деген қызығушылық танытқан. Оған бала кезінде ауылға қоныс аударған ағасының иттің ең асылы, тазасы – тазының күшігін сыйға тартуы да түрткі болса керек.  

Алтыншы сыныпта оқыған кезімде қасқырдың ініне көп түсетін едім. Бірде ағам жанына алып барған болатын, содан інге кіріп, қасқырдың күшігін алып шығып, біраз тығып ұстадым.  Бірақ кейін ағам оны атып тастады.  Қарсақтың күшігін де інінен қазып алып, үйдің қасында торда ұстадым. Ауылдың балалары саршұнақ аулап салатын, – деп еске алады ол.  

Бүгінде 58 жастағы Мақсұтбек Көпжасаров талай мәрте саятшылыққа шығып, аңшылық құрып, түрлі қызықты оқиғаларды басынан өткерген. Саятшылықты кәсіп еткен ол Ерейментау асып, Ақмолаға дейін барған. Қоян мен түлкіден басқа, қасқыр мен сілеусін ұстаған.

Қасқырға түскен бір қара қасқа, бір сары қасқа тазы ұстадым, алайда қасқырға қоса алмадық. Тазыны үйретпей болмайды, қасына бір үлкен итпен қоян алғызып ауыздандыру керек. Мысалы, арабтардың көне салюки деген тазылары иіске түспейді, қоянды ала алмайды, ал біздің  тазылар қасқырға да шығады. Сондықтан тазыны баптаудың маңыздылығы зор, – дейді ол. 

Саятшылықты серік еткен азамат құмай тазыға селекция жасап, Астана, Тараз, Алматы және басқа да өңірлерге таратады.  Кезінде Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев он екі қасқыр алған Ақжол атты тазысын алып кеткен. 

Мақсұтбек Көпжасаров қазақтың жеті қазынасының бірі саналатын – тазыларға қыс мезгілінде сүйек-саяқ алып, арнайы сорпа қайнатып береді. Құйын, Лашын атты тазылары талай мәрте байқаулардан жүлде әкелген. 

Тазы баптаушы ұлттық құндылықтарды сақтауда үлес қосып жүрген азаматтардың басын қосып, тазылардың көрмесін ұйымдастырған. «Қансонар» қауымдастығына тіркеліп, құжат алған 1000 төбеттің 49-ы Павлодар облысынан болса, 29-ы – Баянауыл ауданынан. 

Тазылардың өмір сүру ұзақтығы күтіміне де байланысты болады. Жалпы, бес-алты жыл жүгіреді, яғни аңға түседі, одан кейін күші кете бастайды. Оған дейін жүректі тазылардан тұқым алып үлгеру керек. Ауданда тазыларды баптауға және жарыстар өткізуге арналған ит жарыстарын өткізуге арналған мамандандырылған кешен – канидром салынса, ұлттық құндылықтарды насихаттауға жол ашылар еді, – дейді ол.

Қызының жасауын өзі тіккен 

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат қолөнерден де кенде емес. Ел арасында  көпшілік оны «Мақай сері» деп атайды. 2017 жылы Астанада өткен «ЭКСПО» көрмесінде қатысуға жолдама алған. Қолөнерші батырлардың сауытын, ас салатын ағаш астау, түлкі тымақ тігіп, тобылғы және ырғай ағаштарынан әртүрлі қамшы өреді.  

Болашақта өлкетану музейі ашылып жатса, Баянауыл ауданындағы алғашқы сотының орындығы бар, оны кезінде сатып алған едім. Ертеректе жасалған көне домбыраны сатып алып кетті. Әке-шешемнен қалған диірмен және басқа да жәдігерлер сақтаулы тұр, – дейді ол. 

Айта кетерлігі, Мақсұтбек Көпжасаров 2011 жылы «Қазақстан-Сібір» халықаралық көрмесіне қатысқан. ҚР Тұңғыш Президент музейінде «Алға ұмтылған Қазақстан» жобасы аясында өткізілген «Ұлы даланың сазы» көрмесіне жұмыстары қойылған.  

Еске сала кетейік, Qazpatent ұлттық зияткерлік меншік институты қазақ тазысын патенттеп алды. Патент иеленушілері «Қансонар» қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы болып табылады.