Павлодарлық ғалымдар қуғын-сүргін тарихын жаңа еңбектерімен толықтырды
Жоба «Әйелдің білімі – болашақ ғылымның негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында таныстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс-Баян өңірінде тарих ғылымы, әсіресе саяси қуғын-сүргін кезеңін зерттеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл бағытта аймақ ғалымдары архив деректеріне сүйене отырып, бірқатар маңызды еңбектерді жарыққа шығарды.
Марғұлан университетінің қауымдастырылған профессоры Айгүл Садықованың айтуынша, бүгінгі таңда ғылым қоғам дамуының негізгі тірегіне айналған.
– Қазіргі күні ғылым қоғам дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Президент атап өткендей, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым. Сондықтан кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі оның ғылыми әлеуетімен тікелей байланысты. Ғаламдық трансформация жағдайында тарихи тәжірибені қайта зерделеу, өткеннің ақтаңдақ беттерін ашу – әділетті қоғам құрудың маңызды алғышарттарының бірі, – деді ол.
Ғалымның сөзінше, 2020-2023 жылдары жүзеге асқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия аясында облыста бірнеше зерттеу топтары құрылған еді. Олар қуғын-сүргін құрбандарының тоғыз санаты бойынша кешенді зерттеулер жүргізген.
Нәтижесінде архив құжаттарына негізделген бірқатар еңбектер жарық көрді. Солардың бірі – «Павлодар облысындағы 1920-1930 жылдардағы репрессия саясаты: тарихы мен ерекшеліктері» атты жинақ. Бұл еңбекте күштеп қоныс аудару, ГУЛАГ лагерьлеріндегі тағдырлар, кеңестік кезеңдегі дінге қарсы саясатқа қатысты құжаттар топтастырылған.
– Сонымен қатар депортацияланған халықтардың ұрпақтарының естеліктері негізінде дайындалған жинақтарымыз бар. Бұл еңбектер ғалымдардың өңірлерді аралап, куәгерлермен және олардың ұрпақтарымен жүргізген сұхбаттары негізінде құрастырылған, – деді Айгүл Садықова.
Жалпы республика бойынша осындай 70-тен астам көптомдық жинақ жарық көрген. Олардың ішінде павлодарлық зерттеушілердің еңбектері де ерекше орын алады. Мамандардың айтуынша, мұндай ғылыми жұмыстар өткенді түсінуге ғана емес, болашаққа дұрыс бағыт қалыптастыруға да негіз болады.
Айта кетейік, павлодарлық әйел ғалымдардың ғылыми жұмысы халықаралық Scopus деректер базасына енетін басылымда жариялануға әзірленуде. Зерттеу «Цифрлық трансформация жағдайында әйелдердің ғылыми-педагогикалық қызметке психологиялық-педагогикалық дайындығын қалыптастыру» тақырыбына арналған. Жоба «AMANAT» партиясының «Әйел және ғылым: шексіз мүмкіндіктер» бастамасы аясында жүзеге асуда.