Павлодар облысында алдағы төрт жылда 15 балабақша ашылады

Павлодар облысында алдағы төрт жылда 15 балабақша ашылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2027 жылға дейін 3260 орындық 15 мектепке дейінгі ұйымды іске қосу жоспарлануда, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, 2024 жылы Береке ауылында –  240 орындық балабақша, Ақсу қаласындағы Үштерек ауылында –  140 орындық балабақша, Екібастұз қаласында 260 орындық балабақша салынады. 

2025 жылы Ақсу қаласында – 140 орындық, Павлодар ауданы Мичурин ауылында –  120 орындық, Кенжекөл ауылында – 240 орындық, Ленин ауылында – 140 орындық және Павлодар ауылында 320 орындық балабақша бой көтереді. 

2026 жылы Павлодар қаласында әрқайсысы –  260 орындық екі балабақша, Екібастұз қаласында – 260 орындық, Ақсу қаласында 140 орындық балабақшаның құрылысы жүргізіледі. 

2027 жылы Павлодар қаласында әрқайсысы 320 орындық екі балабақша салу, 100 орындық жеке балабақша ашу көзделіп отыр. 

– 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 93% немесе 35414 баланы құрайды. Облыста 36 436 бала контингенті бар 381 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның 14-і 1085 бала контингентімен жеке меншік болып табылады, – дейді басқармада.

Еске сала кетейік, биыл Достық шағын ауданында көп қабатты үйдің бірінші қабатында 80 орындық мектепке дейінгі шағын орталық ашу жоспарлануда.