Павлодарлық оқушылар «Айбын» халықаралық жиынында үздік атанды
Өңір құрамасы әскери-патриоттық додада жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Ақмола облысындағы «Амандық» оқу-жаттығу полигонында өткен «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында өңір құрамасы жоғары нәтиже көрсетті.
Май ауданы Е. Мұқашев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Расул Мигранов жоғары кермеге тартылу сайысында абсолютті чемпион атанды. Ал Ақсу қаласындағы №4 жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Роман Суфьянов пневматикалық винтовкадан ату бойынша үшінші орын иеленді.
Жалпыкомандалық есепте Павлодар облысының құрамасы Қазақстанның 20 өңірлік командасы арасында төртінші орынға тұрақтады.
Команданы жарысқа Ақсу қаласындағы Қара металлургия колледжінің алғашқы әскери және технологиялық даярлық пәнінің оқытушысы Самат Жангелдинов дайындады.
Дәстүрлі халықаралық жиынға әскери-патриоттық клубтардың, білім беру ұйымдарының және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысып, әскери-қолданбалы спорт, саптық және атыс даярлығы, тактикалық әрі зияткерлік сайыстарда бақ сынады.