Екібастұзда заңсыз жұмыс істеген Өзбекстан азаматтары анықталды
Ер адамдар жұмысқа орналасуға рұқсат алмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Мәшһүр Жүсіп көшесі, 50 мекенжайында орналасқан құрылыс нысанында Өзбекстан Республикасының үш азаматын анықтады. Тексеру барысында ер адамдардың ҚР Халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы бұзғаны, яғни елімізде жергілікті атқарушы органдар беретін жұмысқа орналасуға рұқсат алмай еңбек еткені анықталды.
– Шетелдік азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан 54 жастағы жұмыс беруші жауапқа тартылды. Аталған фактіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, 51 мың 750 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Төлеген Құдайбергенов.
Естеріңізге сала кетейік, рейдтік іс-шара 2023 жылдың 28 ақпанына дейін жалғасатын «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы аясында өткізілді.