Павлодарлық әйел ғалымдардың еңбегі халықаралық деңгейде танылады
Олардың ғылыми жұмыстары халықаралық журналда жариялануға дайындалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірдегі әйел ғалымдардың ғылыми жұмысы халықаралық Scopus деректер базасына енетін басылымда жариялануға әзірленуде. Зерттеу «Цифрлық трансформация жағдайында әйелдердің ғылыми-педагогикалық қызметке психологиялық-педагогикалық дайындығын қалыптастыру» тақырыбына арналған.
Жоба «AMANAT» партиясының «Әйел және ғылым: шексіз мүмкіндіктер» бастамасы аясында жүзеге асуда. Еңбек өңірдегі бес жоғары оқу орнын қамтып, екі айға жуық жүргізілген зерттеу нәтижесінде дайындалған.
Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, жоба амбассадоры Самал Антикеева бұл зерттеу туралы былай деді:
– Зерттеу нәтижесінде біз павлодарлық кәсіподақ жетекшісі Динара Айтжанова және менің ғылыми жетекшім, педагогика ғылымдарының кандидаты Сәуле Кісембаевамен бірге ғылыми мақала дайындадық. Қазір редакцияның шешімін күтіп отырмыз, қатты қобалжып отырмыз, себебі мұндай мазмұндағы мақала бұрын жарияланбаған. Рецензенттер біздің еңбегімізді бағалайды деп үміттенеміз. Ең алдымен біз «баланс шындық па, әлде миф пе» деген дилемманы жаңа қырынан қарастырғымыз келді. Бұрын уақыт пен күшті дұрыс бөлу керек деп айтылатын. Бірақ біз бәріне жүз пайыз үлгеру мүмкін емес екенін түсінеміз, бұл тұрақты күйзеліске әкеледі. Жоба арқылы біз икемділік туралы айтып отырмыз, – деді ол.
Зерттеудің негізгі идеясы – ғылымдағы әйелдердің өз жолын көрсету. Авторлардың айтуынша, мұнда ер мен әйелді салыстыру мақсаты жоқ, керісінше әйелдердің ғылымдағы ерекше тәжірибесі мен жолын көрсету көзделген. Олар үшін ғылым мен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты облыста «Әйел және ғылым: шексіз мүмкіндіктер» пилоттық жобасын жүзеге асырып келеді. Оған өңірдегі бес жоғары оқу орнынан зерттеушілер қатысуда. Жобаның басты мақсаты – әйел ғалымдарды біріктіру және олардың ғылыми бастамаларын қолдау.
Соңғы өткен конференцияда өңірдің түрлі жоғары оқу орындарынан келген әйел ғалымдар ғылым мен академиялық дамуы жайлы өз көзқарастарымен бөлісті. Олар ғылымдағы әйелдердің рөлі артып келе жатқанын және олардың дауысы бұрынғыдан да айқын естіліп отырғанын атап өтті.