Павлодарлық дарынды оқушылар эссе жазып, зерттеу жасап жарысты

Павлодарлық дарынды оқушылар эссе жазып, зерттеу жасап жарысты
Фото: білім бөлімінен

«Ел қамын жеген Едіге би» байқауының қалалық кезеңіне 50-ге жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық білім беру бөлімінің мәлімдеуінше, «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығымен бірлесіп, облыстық «Ел қамын жеген Едіге би» байқауының қалалық кезеңі өтті.

- Аталмыш сайыс дарынды оқушыларды дамыту және қолдау, олардың оқу мәдениетін, ата - бабаларының тарихын білуге деген танымдық қызығушылығын арттыруды мақсат етеді. Байқауға Павлодар қаласының жалпы білім беретін 24 мектебінен 7-11-сыныптың 45 оқушысы қатысты, - делінген хабарламада. 

«Ел қамын жеген Едіге би» оқулары «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен Едіге би» қазақ халқы би-шешендері сөздерінен, өмірінен тест тапсырмалары, «Етегіне ел сыйған Едіге би» тақырыбында Мәшһүр Жүсіп шығармаларынан және басқа да ғылыми көздерден шығармашылық зерттеу жүргізу және «Едіге би өткен...» - эссе жазу бағыты бойынша бақ сынады.

24 оқушы оқудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Оның ішінде бірінші орынды 3, екінші орынды 7, үшінші орынды 14 бала өзара бөлісті. 

Барлық қатысушыларға «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының сертификаттары берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Павлодар қаласы білім беру бөлімінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды.

Айта кетелік, жеңімпаздар ағымдағы жылдың мамыр айында «Ел қамын жеген Едіге би» облыстық кезеңіне қатысады.