Павлодарлықтар бақытты отбасының құпияларын ашты
Өңірдің үлгілі жанұялары арнайы форумға шақырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы «Отбасым – берекем, мекенім» отбасылар форумымен басталды. Шараға Павлодар облысының үздік отбасылары жиналып, пікірлерімен бөлісті. Олар қатысып отырған үлгілі, тату отбасылар өз еңбегі, өзара құрметі мен бірлігі арқылы өңірімізде бейбітшілік, келісім және тұрақтылықты нығайтуға зор үлесін қосып келеді.
Форумның жұмысын облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова ашты.
– Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – отбасы құндылықтарын нығайту, зорлықты алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды жұмыс. Отбасы – тәрбие мен қамқорлықтың ең алғашқы әрі ең сенімді ошағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әйелдер мен балаларға қатысты кез келген зорлық-зомбылықтың көріністерін қатаң түрде тоқтату аса маңызды. Соңғы жылдары заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Яғни, жәбір көрсету мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатын болды. Отбасылық тұрмыстық жанжалдар үшін жаза күшейтілді. Қайталанған жағдайда агрессорлармен татуласу мүмкіндігі шектелді. Сонымен қатар, балалар құқықтарын қорғау күшейтілді. Буллинг пен кибербуллинг үшін жауапкершілік енгізілді, – дейді Айгүл Мәлікова.

Бұл қадамдар балалар мен әйелдерді қорғау жүйесін нығайтып, зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік саясаты жүзеге асырылуда. Форум "Заң және тәртіп" идеологиясы аясында ұйымдастырылды.
Жиынға «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары арнайы шақырылды. Облыс орталығына ат терлетіп келгендердің қатарында Ертіс ауданының Беспаевтар жанұясы бар.
Отағасы Жанат Нұрашұлының айтуынша, шаңырақтағы татулық пен бірлік тәрбиеден басталады.
– Мен – әжемнің қолында өскен баламын. Жастайымнан үлкендерді сыйлау, кішіге ізет көрсетуді бойыма сіңірдім. Балаларыма да айтарым осы. Сонда қоғамымыз да тыныш болып, зорлыққа жол берілмейді. Үлгілі отбасы болудың кілті сабырлық, сыйластық пен еңбекқорлықтың астарында жатыр, – дейді Жанат Беспаев.
Ал Майқайың кентінен келген Кәкімжановтар – «Отбасы – мақтанышым» облыстық байқауының жеңімпаздары. Олжас Кәкімжановтың айтуынша, бақытты жанұяның формуласы – ерлі-зайыптылардың сенімділігі мен түсінушілігінде.
– Балаларым және жолдасыммен өткізген әр күн дәстүрге айналғандай. Серуен, шараларға қатысу, бірге спортмен айналысу болсын барлығы үлкен мәнге ие. Бізге қарап үш балам өсіп келе жатыр. Спортпен шұғылдану, үй шаруасын балаларыммен бірге атқару да жанұямның мызғымас бірлігін сақтайтын маңызды жайттар, – дейді отағасы Олжас.

Павлодар облысында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы шеңберінде 300-ден астам шара ұйымдастыру жоспарланған.