Павлодарда магнитпен есірткі жасырған курьер ұсталды

Павлодарда магнитпен есірткі жасырған курьер ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық прокуратурасының ұйымдастыруымен Павлодар есірткі қылмысына қарсы полиция қызметкерлері магниттің көмегімен есірткі жасырын орнын ұйымдастырған 23 жастағы ер адамды ұстады.

– Ер адам жедел іс-шара барысында ұсталды. Оның гараждардың темір қақпаларына есірткі салынған орамаларды магнитпен жабыстырып, кейін суретке түсіріп, орналасқан жерінің мәліметтерін жіберіп отырғаны анықталды. Ұстау кезінде оның жанынан ақ түсті ұнтақ салынған, изолентаға оралған бес клипбокс табылды, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Сонымен бірге, полиция қызметкерлері күдіктінің смартфонын тәркіледі, онда тыйым салынған заттар жасырылған орындардың координаттары мен сипаттамасы болған. Кейін Павлодар аумағында жедел уәкілдер есірткі салынған 25 «жасырын орынды» тапты.

Ведомство мәліметінше, әр жасырын ораманың ішінде кішкентай магнит болған. Сол магниттің көмегімен есірткі орамасы құбырларға, есіктерге және басқа металлға бекітіліп отырған.

Зерттеу нәтижесі бойынша, орамалардың ішінен жалпы салмағы 17 грамнан асатын синтетикалық есірткі табылған. Бұл – аса ірі көлем болып саналады.

Қазіргі уақытта есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз дайындау, өңдеу, өндіру және сату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауда отыр.