Тереңкөлде полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарына тосын сый жасады

Тереңкөлде полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарына тосын сый жасады
Фото: pixabay.com/Pexels

Тәртіп сақшылары музыкалық іс-шара тарту етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз  қызметінің мәліметінше,  бұл кештің басты ерекшелігі – әдеттегідей сахнада ән шырқаған кәсіби өнерпаздар емес, құқық қорғау қызметкерлері. Жергілікті полиция қызметкерлері төл мерекелері қарсаңында ауылдастарына тосын шара ұйымдастыруды жөн санап, мәдениет үйін ән мен жырға толтырған. 

Полиция қызметкерлері кеш барысында көпшілікке танымал әндерді шырқай бастағаны сол еді,  ауылдың жасы мен қариясы қосыла орындап, керемет әсерге бөленгендерін айтады. Тәртіп сақшыларының тарту еткен мәдени, ойын-сауық думанына куә болған жұрт дән риза. 

– Бұл жер – әркім шығармашылықпен танысып,  музыкаға және мерекенің атмосферасына бөленетін тамаша орын. Музыка – менің хоббиім. Көңіл күйімді көтерудің әрі көрсетудің бір жолы. Біздің өміріміз тек полиция қызметінен ғана емес, адамдарға жағымды көңіл күй сыйлаудан тұрады, – дейді Павлодар қаласының инспекторы Сабина Болат. 

Кеш соңында қызықты концерттің куәсі болған ауыл тұрғындары полиция қызметкерлеріне қошемет көрсетіп, алғыстарын жаудырды.