Павлодарлықтар реформалар жайлы: Жаңа Конституция – Қазақстанды жаңғыртудың негізі

Павлодарлықтар реформалар жайлы: Жаңа Конституция – Қазақстанды жаңғыртудың негізі
Фото: Ақмарал Есімханова

Кездесу «AMANAT» партиясының мүшелері, бизнес өкілдері және қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT»  партиясы облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбайдың айтуынша, Қазақстан маңызды саяси реформалардың қарсаңында тұр.

– Президенттің бастамасымен Конституциялық комиссия құрылды, оның құрамына павлодарлықтар да енді. Мұнда кәсіпкерлікті қолдау, экономиканы дамыту және әлеуметтік саланы нығайтуға бағытталған бастамалар талқылануда. Бұл өзгерістер тек бизнеске немесе жекелеген салаларға ғана емес, әрбір азаматқа қатысты. Конституция – мемлекеттің өмір сүру ережелерін айқындайтын, саяси реформалардың бағытын белгілейтін және елдің болашағының негізін қалыптастыратын басты құжат, – деді Асылбек Туғанбай.

Қоғам қайраткерлері реформаның басты мақсаты – Қазақстанды ашық, әділетті және адамға бағытталған мемлекетке айналдыру екенін атап өтті. Бұл қоғамның сенімін нығайтып, халықтың игілігі үшін жағдай жасайды.

Конституциялық комиссия мүшесі, облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко негізгі саяси өзгерістерге тоқталды:

– Жобасының өзегінде адам тұр. Оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті жоғары құндылық ретінде мойындалады. Бұл ұсынылған өзгерістердің мазмұнын да, жұмыс форматын да айқындады. Жоба бойынша 77 бап өзгереді, бұл қолданыстағы редакциямен салыстырғанда 84 пайызды құрайды. Конституциялық реформа – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені жүйелі жаңғыртуға бағытталған бастамаларының заңды жалғасы, – деп атап өтті Илья Теренченко.

Кездесу қатысушылары барлық өзгерістер елдің дамуына және халықтың игілігіне бағытталғанын айтты. Мемлекет ең алдымен адамды және оның мүдделерін алға қояды.