Аптап ыстық: Павлодарда дәрігерлерге жүгінген тұрғындардың саны артқан
Жаздың алғашқы айында аптап ыстыққа байланысты 45 адам медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық жедел медициналық станциясының мәліметінше, 2024 жылдың 1 маусымы мен 30 маусымы аралығында жедел медициналық жәрдем қызметіне аптап ыстық пен күн өтуіне байланысты 45 шақырту тіркелді.
– Оның 31-і – ересектер, 14-і – балалар. Екі бала ауруханаға жеткізіліп, біреуі ем алуға жатқызылды. Сондай-ақ, үш ересек медициналық мекемеге жеткізіліп, оның екеуі ауруханаға жатқызылды, – деді 103 қызметінде.
«Med-C» медициналық орталығының педиатр-дәрігері Айнұр Карамбаева аптап ыстықтан қорғану бойынша кеңестер берді.
– Шуақты және бұлтты күндерде сыртқа шыққанға дейін кем дегенде жарты сағат бұрын теріңізге күннен қорғайтын кремді көп мөлшерде жағыңыз. Сондай-ақ, күн сәулесінен қорғайтын киім киіңіз. Кең жиекті бас киім көзге, құлаққа, бетке және мойынға күн қорғанысына кепілдік береді, – деді ақ халатты маман.
Оның сөзінше, түсте күн сәулесінің түсу уақытын шектеп, яғни, күннің ультракүлгін сәулеленуі таңғы 10-нан күндізгі төртке дейінгі аралықта далаға шығуды шектеуге тырысу керек. Әсіресе сыртта жұмыс істейтін адамдарға сақ болған абзал.
Ыстық күн әсіресе кішкентай балаларға, жүкті әйелдерге және денсаулығында қандай да бір проблемасы бар адамдарға қауіп төндіреді.
Айта кетейік, осы аптаның алғашқы күндері жаңбыр күтіледі. Ал аптаның соңына қарай +27...+32°С ыстық болады.