Павлодар облысында қысқа жаңаша әзірленбек

Облыстық мәслихат депутаттары жылу беру маусымына дайындық пен оны өткізудің жаңа ережесін мақұлдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл өзгерістер туралы кезектен тыс сессияда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов айтты. Жаңа ережелерді енгізу қажеттілігі «Жылу энергетикасы туралы» Заңның қабылдануы және айналымға жаңа ұғымдардың енуімен байланысты болды.
- Бұрынғы ережеге сәйкес, жаңа жылу маусымына дайындық шараларының бас жоспары облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілетін еді, - дейді Ержан Иманзайыпов. – Жаңа ережеде қала және аудан әкімдіктері жоспарларды дербес бекітетін нормалар қарастырылған. Бұл іс-шараларды жоспарлау сапасы мен әкімдердің жауапкершілігін арттырады.
Сондай-ақ, облыстың бас энергетигінің айтуынша, ескі ережелер қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің нормаларын қайталайды. Бұл инженерлік желілердің қауіпсіздік аймақтарының сақталуына немесе жабдыққа техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді ұйымдастыруға қатысты. Жаңа ережелерде қайталанатын нормалар жойылып, қажетті нормативтік құқықтық актілерге сілтемелер жасалды.
Ержан Иманзайыпов ереже жобасы бастапқыда әкімдіктер мен монополистердің талқылауына ашық болғанын баса айтты. Осы мақсатта құжат аталған органдарға жолданғанымен, ұсыныстар мен ескертулер түскен жоқ.
Депутаттар бұл шешімді бірауыздан қолдады.