Павлодарлықтар туу туралы куәлікке SMS арқылы тапсырыс бере алады
Оны бірден нәресте туғаннан кейін жасауға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, проактивті форматта баланың тууын тіркеу 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істейді. Жыл басынан бері Павлодар облысында 4 мыңнан астам ата-ана бұл қызметті пайдаланған.
– Тууды тіркеу туралы өтінішті Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы автоматты түрде қабылдайды. Бала туылғаннан кейін бірден анасына нәрестеге туу туралы куәлікке тапсырыс беру туралы ұсыныспен SMS-хабарлама келеді, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Асылбек Сапарбек.
Филиал директорының айтуынша, барлық ақпарат түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынып, жетіспейтін мәліметтер SMS-хабарламалар арқылы көрсетілетін қызметті алушыдан сұралады.
Осы қызмет түрінің пайдаланушысы болу үшін электронды үкімет порталындағы мобильді азаматтар базасында тіркелу жеткілікті.