Жеңіл жүктілік: Павлодарлық әйелдер доуланың қызметіне жиі жүгінетін болған

Жеңіл жүктілік: Павлодарлық әйелдер доуланың қызметіне жиі жүгінетін болған
Фото: Айгерім Айтжанның жеке мұрағатынан

Айгерім Айтжан 76 шақалақтың дүниеге келуіне көмектескен.

@Pavlodarnews.kz тілшісі павлодарлық доуладан мамандығының қыр-сыры жайлы сұрастырып көрді. 

Доула – жүкті аналарға босануға дейін, босану кезінде және босанудан кейін ақпараттық, психо-эмоционалдық жайлылық беретін, арнайы дайындықтан өткен білікті маман.  Босану кезінде әйелге физиологиялық, психологиялық көмек беріп, оған қызмет етеді. Арқа, белді уқалап, ауырсынуды басады. Тыныс алу техникаларын көрсетеді, әйелге қамқорлық жасайды. 

Ол жүкті әйелмен босанғанға дейін кездесіп, кеңестер береді. Қай уақытта перзентханаға бару керек, қандай қалыптар толғақты жеңілдетенін үйретеді. Босанғаннан соң палатаға ауыстырылғанша әйелдің қасында болады. Мүмкіндігінше баланы дұрыс емізу әдісін көрсетеді. Осылайша, болашақта болуы мүмкін көптеген проблемалардың алдын алуға көмектеседі. Бүгінде жүкті әйелдің доуламен босануы 150 мың теңге тұрады. 

– Жүкті әйел біздің қызметімізге кез келген ыңғайлы уақытта жүгіне алады.  Себебі, кейбір әйелдердің қорқынышы өте жоғары деңгейде болуы мүмкін. Онымен жұмыс жасап, алдын алу керек. Ал келісімшартты жүкті әйелмен 32 аптадан бастап жасауға болады. Бірақ маған  әйелдер 13  аптадан бастап келеді. Кәсіби серіктестіктің қызметіне босанғанға дейін екі консультация, 36 аптадан бастап тәулік бойы кері байланыс, босанғаннан кейін үйіне бір рет бару жатады, – деді «My assistant doula» бақытты аналар мектебінің доуласы Айгерім Айтжан. 

Оның айтуынша, алдын ала кездесу кезінде болашақ аналармен маңызды тақырыптар мен сұрақтар талқыланады. Босануға дайындық бойынша кішігірім курс өткізіледі. 

Бұл ретте, акушер маман мен доуланың айырмашылығын айта кеткен жөн. Акушердің кезекшілік кезінде төрт әйелге дейін болуы мүмкін.  Сондықтан ол әйелдің қасында үздіксіз бола алмайды. Ал доуланың медициналық білім болуы міндетті емес. Өйткені медициналық процедуралар жасамайды. Оның ең басты міндеті – жанында үнемі болып, әйелге көмек көрсету.

Павлодар қаласындағы екі перзентханада босанатын әйел өзімен бірге серіктес адамды алуға құқылы. Сонымен қатар, серіктес адам кім болатынын да өзі шешеді. 

Айгерім Айтжанның сөзінше, доула мамандарын қалалық перзентханаларда жылы лебізбен қарсы алады. 

– Доуламен босанғысы келетіндердің саны артуда. Осы уақытқа дейін мен 75 әйелмен босануға кіріп, көмектесіп, 76 баланың туғанына куә болдым. Олардың ішінде егіз балалар болды. Бір-екі сағаттық айырмашылықпен бір уақытта үш әйелдің босану процесі басталған жағдайларда да болды. Ең бірінші кезекте әр әйелге запастағы доуланы жібердім. Бірақ соңында өзім қатарынан 38 сағат бойы бір әйелден екінші әйелге барып, үшеуіне де серіктес болдым, – деді маман. 

Маман жүкті әйелдерге ешкімнің басынан өткен босану оқиғаларын тыңдамауға, эмоционалды түрде дайындалуға кеңес береді. Әйел адам ұлтымыздың болашағына жауапты екенін түсінуі тиіс. Сондықтан жүктілік пен босануды ыңғайлы етіп, босанғаннан кейінгі қалпына келу процесі де жұмсақ, жылы, жайлы өтуіне көңіл бөлген дұрыс. Себебі, мұның бәрі ұрпақтан-ұрпаққа берілетін болады.

– Неліктен босануға дайындалу маңызды? Бұл – әйелдің болашақ өмірі мен денсаулығын шешетін кезең.  Босанғаннан кейінгі кезең де маңызды. Сіз сол уақытты мамандармен де, мамандарсыз да өткізе аласыз.  Ең бастысы, қауіпсіз әдістерді қолдану маңызды, – дейді маман. 

Айта кетерлігі, тәжірибелі доула әйел адамның босану кезіндегі  өтініш-тілектерін ескереді. Ол босану процесінің барлық физикалық және эмоциялық жайттарын біледі, процестің қалай өтіп жатқаны туралы толық айтып бере алады.