Алғашқы жұмыс орны: Павлодар облысында жұмыспен қамтылған жастардың саны өсті

Алғашқы жұмыс орны: Павлодар облысында жұмыспен қамтылған жастардың саны өсті
Фото: Константин Шелков

Өткен жылы олардың саны 140-қа жуық болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.  

– Бүгінгі таңда оқуды аяқтаған жастарды жұмыспен қамту жұмыстары жалғасуда. Мысалы, соңғы үш жылда «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 443 азамат орналастырылды. Оның ішінде 2021 жылы – 68 адам, 2022 жылы  –137 адам, 2023 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша 238 жас маман жұмысқа орналастырылды, – дейді Альмира Дисюпова. 

Бұдан бөлек, спикер жыл соңына дейін 785 миллион теңгеге 157 адамға 2,5 пайыздық шағын несие беру қарастырылғанын атап өтті. 

– Бұл несие тек жастарға беріледі, яғни 35 жастан аспаған тұрғындарға арналған. Биыл облыстық конкурстық комиссияның 7 отырысы өткізілді. 618,2 миллион теңге сомасына 136 өтінім мақұлданды, оның ішінде жалпы сомасы 530,4 миллион теңгеге 118 адам шағын несие алды, – деді Альмира Дисюпова. 

Еске сала кетейік, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба жұмыс іздеп жүрген түлектер мен 29 жастан аспаған жұмыссыздар, оның шінде жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға арналған. Сонымен қатар, көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі.

2022 жылдан бастап «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі 12 және 18 айға дейін ұзартты, сондай-ақ жалақы мөлшері 30 АЕК-ке дейін артты.