Петропавлдық зауыт Павлодар сүтін сатып алу мүмкіндіктерін талқылады
Өңірлік сүт өндірушілер мен «Eurasian Milk» ЖШС зауыты өкілдерінің арасында кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сүт өнеркәсібінде өңір нарығына көрші елдерден арзан өнімдердің келуіне байланысты павлодарлық сүт өнімдері мен сүтті сату көлемінің төмендеуі байқалады.
Республикалық ірі қара малдың сүтті және аралас тұқымдары палатасы директорының орынбасары Берік Нығмашев қазір көршілес мемлекеттерге Қазақстанға өнім әкелу тиімді бола бастағанын айтты. Сондықтан еліміздегі көптеген сүт зауыттары өнімдерін өткізуде қиындықтарға тап болып отыр. Бұл біздің ауылшаруашылық тауар өндірушілерімізге әсер етеді, олар сүтін өткізуге қиналады немесе бағасы шығынды әрең өтейді.
– Біз Павлодар облысына ұсыныспен келдік, өйткені соңғы кездері көптеген зауыттар мен сүт-тауарлы фермалар сүтті сатып алмайтыны туралы көптеген сауалдар түсіп жатыр. Қазір 2,5 пайызбен қаржыландыруды қарастыратын үлкен мемлекеттік бағдарлама бар. Бірақ біз бұл бағдарламаның ертеңгі күні дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін жағдайды алдын ала көріп отырмыз. Өйткені сүтті ешкім сатып алмаса, оның кімге керегі бар? Біздің өндірушілер сүт өндірісіне енді осыншама қаржы салады, бірақ біз күткен нәтижеге қол жеткізе алмаймыз, – деді ол.
Ерқанат Әбенов облыстық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені білетіндігіне және шетте қала алмайтынына назар аударды.
– Біз әрқашан кәсіпкерлердің құқығын қорғауды жақтадық. Өңіріміздегі өңдеушілер нарықтан айырылып жатыр, мұның бәрі көршілес елдердің өндірушілерінен арзан өнім алуымыздың кесірінен, – деді Палата директоры.
Ерқанат Әбеновтің айтуынша, сүт және сүт өнімдерін өндірушілер импорттық тауарлардың арзан болуына байланысты өз нарығынан ығыстырылып отыр. Ал арзандары күткен сапаға сәйкес келе бермейді.
Петропавл қаласында орналасқан «Eurasian Milk» ЖШС бас директорының орынбасары Сергей Кузьменков бұл компания азық-түлік өнімдерімен байланысты ірі холдингтің бір бөлігі екенін айтты. Оның өзі павлодарлық сүт шикізатын өткізу мәселесінен хабардар.
– Біз бұл мәселелерді талқылауды бастауға дайынбыз. Бүгін мен: «Сүтіңізді сізден де және сізден де аламыз» деп айта алмаймын, себебі өнімді көрмедім. Әр фермада сүттің сапасы әртүрлі. Жабдықтаушылармен қарым-қатынасқа түсуіміз туралы белгілі бір ережелер бар. Талқылайық десеңіз, шаруашылыққа барып, өніммен танысуға болады, – деп сендірді Сергей Кузьменков.
Оның айтуынша, Петропавл зауыты қазір өсіп, өндірісін кеңейтуде. Кәсіпорын тәулігіне 120 тонна сүт өңдеп, екі-үш жылдың ішінде бұл көлемді одан әрі бірнеше есеге арттыруды көздеп отыр. Алайда кәсіпорын ұнтақ шикізатын қабылдамайды.
– Біздің технология құрғақ сүтті пайдалануды көздемейді. Қандай сүтіңіз бар екенін көріп, сосын шешім қабылдауға дайынбыз, – деді Солтүстік Қазақстан облысынан келген спикер.
Ерқанат Әбенов зауытқа өзінің байланыс мәліметтері мен кәсіпорын туралы ақпаратты Палатада қалдыруды ұсынды, сонда «Атамекенде» облыстың сүт өндірушілері осы мәліметтерді алып, Петропавл кәсіпорнына тікелей шыға алады.
Берік Нығмашевтің ойынша, кәсіпорын сүтті сатып алуға дайын. Бірақ ол үшін белгілі бір талаптар сақталуы тиіс.