Павлодарда картоп, пияз бен сәбіз ел бойынша ең арзан

Павлодарда картоп, пияз бен сәбіз ел бойынша ең арзан
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы бір апта ішінде өзгерген жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 16 қыркүйектегі жағдай бойынша Павлодарда бірқатар көкөністің бағасы республикадағы ең төмен көрсеткішті көрсетті.

Павлодарда картоптың бір келісі 135 теңге тұрады. Ел бойынша оның орташа бағасы – 211 теңге. Сәбіздің келісі өңірде 140 теңгеден сатылса, республикалық орташа көрсеткіш 222 теңгені құрады.

Пияздың да ең төмен бағасы Павлодарда тіркелді – килограмы 119 теңге. Қазақстан бойынша орташа баға 149 теңге болды.

– Астана, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қонаев, Орал, Павлодар, Петропавл және Түркістан қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды, – делінген Ұлттық статистика бюросының ақпаратында.

Жалпы ел бойынша бір аптада пияз 5,1 пайызға, картоп 3 пайызға, сәбіз 2,4 пайызға арзандады. Ақ қауданды қырыққабаттың бағасы 2,3 пайызға, алма 1,1 пайызға, қант 0,7 пайызға төмендеді. Сүзбе мен тауық еті 0,4 пайызға арзандады.

Нан, рожки, сиыр және қой еті, тауықтың бөлшектелген бөліктері, сүт, қаймақ, күнбағыс және сары май, тұз бен шай бағасы өзгерген жоқ.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 31 өнім кіреді. Олардың бағасына мониторинг еліміздің барлық облыс орталығында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада жүргізіледі.