Салық органдары павлодарлық сатушылардың талабына жауап берді

Салық органдары павлодарлық сатушылардың талабына жауап берді
Фото: ӨКҚ

Облыс тұрғындары мемлекеттік органдардың көмегімен өз құқықтарын қорғай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов өңірдегі дүкендердегі сатып алу үшін тек Kaspi аударым арқылы төлем жасауды талап ететін кейбір сатушылардың қылықтарына қатысты сауалға жауап берді.

- Төлемнің қалай жүргізілгеніне қарамастан, барлық төлемдер кассалық аппарат арқылы тіркелуі керек, - деп атап өтті Ерболат Ғаббасов. – Ал кейбір сатушылардың төлемді тек аударым арқылы, қолма-қол немесе басқа жолмен талап ететіні дұрыс емес. Бұл сатып алушының жеке басының таңдауы болуы керек.

Ерболат Ғаббасов бұл жағдайда міндетті түрде дәлелдеме: фото немесе бейнероликпен e-Otinish қызметі арқылы бөлімге хабарласу керектігін айтады.

e-Otinish – қазақстандықтар онлайн режимінде барлық мемлекеттік органдарға ресми түрде жүгіне алатын қызмет. Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе мемлекеттік органға баруға уақыт болмаса, өтінішті eGov порталы, eOtinish және eGov мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. eotinish.kz жүйесіне кіру электрондық цифрлық қолтаңба немесе басқа әдістер арқылы жүзеге асырылады.