Биыл Павлодар облысында салық бойынша бір көлік те айып тұрағына қойылмаған

Биыл Павлодар облысында салық бойынша бір көлік те айып тұрағына қойылмаған
Фото: ӨКҚ

Себебі, автокөлік иелері айып тұрағына жеткізбестен берешегін өтеуге тырысқан, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов  мәлім етті. 

– 1 сәуірде көлік салығын төлеу аяқталады. Физикалық тұлғалар көлік салығын осы мерзімнен кешіктірмей жыл сайын төлеуге міндетті. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша өткен жылы тіркелген көлік құралдарының саны 202 мыңнан, төлеушілердің саны 145 мыңнан асады. Былтыр есептелген сома 3 миллиард 95,6 миллион теңгені құрады. Бұдан бөлек 13 мың 304 азамат жеңілдікті қолданады, яғни бұл адамдар төлемнен босатылған. Жеңілдіктен түсетін сома 188 миллион теңгені құрайды, – деді Ерболат Ғаббасов. 

Оның айтуынша, 2022 жылы ұрланған автокөліктер  саны 186  болса, былтыр бұл көрсеткіш 193 бірлікті құраған. Бұл адамдар да қылмыстық іс кезінде салықтан босатылады. Салық базасының артуына жыл сайын АЕК көлемінің артуы, бұрын шетелден енгізілген көліктерді заңдастыру әсер еткен. Өткен жылы 9112 көлік заңдастырылды.   

– Полиция департаментіне автокөліктерге іздеу жариялау үшін ірі көлемде қарызы бар борышкерлердің тізімі жіберілді. Рейд барысында 137 борышкер бойынша 15 миллион теңге анықталды. Жергілікті полиция барлық аумақтық полиция бөлімшелеріне және басқа облыстарға бағдар берді. Олар енді машинаның нөмірі арқылы жүргізуші туралы ақпаратты көріп, салығы болса айып тұрағына алып кетуіне құқылы. Бұл жұмыстар кибер-шериф камералары арқылы да жүргізілетін болады, – дейді департамент басшысы. 

Спикердің сөзінше, автокөлік салығы бойынша биыл айып тұрағына автокөліктер қойылмаған. Себебі,  көлік иелері бірден қарызын төлейтін көрінеді. 

Айта кетерлігі, бүгінде облыс бойынша ең көп қарызы бар адамның сегіз миллион теңгеден астам берешегі бар. Оның бұрын жеке шаруашылығы, бірнеше көлігі болған. Бүгінгі таңда бес жылдан бері қарызын төлемеген азаматтың көлігі болмағанымен, борышкер ретінде базада тіркелген. Жалпы өңірде 30 адам екі миллионнан сегіз миллион теңгеге дейін бірнеше жылдан бері қарызын өтемеген.