Павлодар облысындағы үш аутсайдер аудан аталды
2024 жылғы бес айдың ішінде бұл аудандар үш сала бойынша төмен көрсеткіштер көрсеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл жайлы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиналыста облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті.
– Бұл жағдайда Железин, Тереңкөл және Аққулы аудандарын атап өткен жұрыс. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салалары мен негізгі капиталға инвестиция салуда көрсеткіштер төмен. Барлық индикаторлар бойынша оң динамика Павлодар және Екібастұз қалаларында, сондай-ақ Ақтоғай ауданында қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Ақсу қаласы, Баянауыл, Успен, Баянауыл аудандары жақсы көрсеткіштер көрсеткен, алайда өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында теріс динамика тіркелді, – дейді Ирина Назарчук.
Облыс әкімі ең басты міндеттердің бірі инвесторларды тарту екенін атап өтті. Ал бұл жайтта аталған аудандардың көрсеткіштері төмендеген. Мәселен, Железин ауданында жалпы инвестиция көрсеткіші 71,9 пайызды құраса, Аққулы ауданында 76,7 пайыз. Ал ең төмен көрсеткіш Тереңкөл ауданында – 48,6 пайыз.
– Әрбір әкім түсінді деген ойдамын. Олардың міндеті – өз қарамағындағы аудан немесе қалада экономикасын сақтау, арттыру, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Аймақ басшысы әкімдерге және басқарма басшыларына макрокөрсеткіштерінің оң динамикасына қол жеткізуді, әлеуметтік экономикалық даму қарқыны төмендеген қалалар мен аудандардың әкімдеріне проблемалық мәселелерді пысықтап, екі күн ішінде ақпараттық салалық басқармаға жолдауды тапсырды.