Павлодар облысында бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды
Жыл соңына дейін көрсеткіш 100 пайызға дейін жетеді деп болжануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов өңірдің 2025 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының күтілетін қорытындылары және Үкіметпен жасалған меморандумның орындалу барысы талқыланған жиналыс өткізді.
Болжамдарға сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша өңір экономикасының барлық негізгі бағыттарында оң серпін сақталады.
Өнеркәсіп секторының нақты көлем индексі 100,1% құрайды деп күтілуде, ал ауыл шаруашылығындағы өсім 107,3% деңгейінде болжануда. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 138,8 миллиард теңге (130,3%) шамасында, құрылыс саласында - 464,7 миллиард теңге (117%), тұрғын үйді пайдалануға беру - 570 мың шаршы метр (100,7%) деңгейінде болады деп күтілуде. Ішкі сауда көлемінің өсімі 114,8%, көлік және қоймалау - 116,5%, байланыс саласы - 110,3% деңгейінде болжануда.
Аудан және қала әкімдеріне өңірлік инвестициялық жоба пулына енгізілген жобаларды іске асыруды жандандыру, сондай-ақ тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру үшін қосымша резервтерді анықтау тапсырылды.

Жиналыс барысында тоғыз айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың жекелеген көрсеткіштері орындалмаған Железин, Аққулы, Ертіс, Май және Павлодар аудандарының әкімдерінің есептері тыңдалды.
– Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері - халықтың өмір сүру сапасының тікелей көрінісі. Әрбір әкім белгіленген нысаналы индикаторлардың орындалуына жеке жауапкершілікпен қарауы тиіс, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Аймақ басшысы орынбасарларына көрсеткіштердің орындалуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Қаржы басқармасының мәліметінше, 1 қарашадағы жағдай бойынша облыстық бюджеттің кіріс бөлігі трансферттерді есепке алмағанда 100,7% деңгейінде болжануда. Бюджеттің шығыс бөлігі 99,1% көлемінде орындалады деп күтілуде. Жыл қорытындысы бойынша бюджеттің орындалуы 99,0% деңгейінде жоспарланып отыр.

Әкім қала және аудан басшыларына бюджеттің кіріс бөлігінің толық орындалуын және бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Жыл соңына дейін қырық жұмыс күніндей ғана уақыт қалды. Жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарап, резервтерді жұмылдыру және жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдау қажет, – деді өңір басшысы.

Жиналыста орындаушылық тәртіп пен азаматтардың өтініштерімен жұмыс мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Екінші тоқсанмен салыстырғанда шағымдар саны 6,4%-ға артқан, ең жоғары өсім Ақсу қаласында тіркелді.
– Бір өтініш берушіге екі-үш өтініштен келеді. Бұл жергілікті деңгейдегі жұмыстың жеткіліксіздігін көрсетеді. Азаматтардың мәселелері бірінші рет жүгінген сәтте шешілуі тиіс - бұл мәселені жеке бақылауға алыңыздар, – деп талап етті Асайын Байханов.

Қорытындылай келе, өңір басшысы мұндай жиналыстардың өткізілуі тәуекелдерді уақтылы анықтауға және жұмысқа түзету енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның сөзінше, жергілікті жердегі әрбір басшының басты міндеті – тұрақты дамуды қамтамасыз ету, тұрғындар алдындағы міндеттемелерді орындау және экономиканың барлық салаларында оң серпінді сақтау.