«Saryarqa samaly» газетінің жаңа санында: Мердігердің «майшелпегі» емес! Сұрықсыз үйлер – сәулетшілерге сын!
@Pavlodarnews.kz «Saryarqa samaly» газетінің 11 шілде, сейсенбілік нөмірінде жарық көретін негізгі материалдарға аңдатпа ұсынамды.
Биыл Павлодар облысында жол құрылысы мен жөндеуге бұрын-соңды болмаған рекордтық сома - 27 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде бұған дейін тасжолды көрмеген көшелерге алғаш рет асфальт салына бастады. Ауылдардың арасын жалғап, жол қысқартатын мүмкіндік туды. Десе де, кейбір мердігерлердің өз міндетіне селқос қарауы қынжылтады. Бұл тұрғындарға қолайсыздықтар туындап отыр. Мердігерлер жұмысы көңіл көншіте ме? Рекордтық сома қайда жұмсалмақ? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Павлодар қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан Достық шағын ауданында әу баста көркі көз тартатын әдемі ғимараттар мен 12-16 қабатты зәулім үйлер салынады деп жоспарланған еді. Сол үшін Астана қаласынан арнайы жетекші жобалаушылар да шақырылған. Ал бүгінгі күні мұнда неге мүлдем басқа үлгідегі қарапайым тұрғын үйлер тұрғызылуда? Бұл сұрақ көпшілікті толғандырып отырған жайы бар. Мәселенің мән-жайына үңілдік.
Интернет-алаяқтар жұртты кәдімгідей әлекке салып отыр. Бұрындары тұрғындар «қорадағы малым жоғалды» деп шағымданатын еді, қазір «шотымдағы қаражатымнан қағылдым» деп полиция ғимаратының табалдырығын тоздыратындар көбейген. Цифрландырудың жаңашылдығы өмірімізді жарқын еткенімен, интернет алаяқтықтың белең алуына да түрткі болып отыр. Толығырақ газетіміздің ертеңгілік нөмірінен оқи аласыздар.
Сонымен қатар, ертеңгі нөмірде балалар мен жасөспірімдерге арналған «Айналайын» айқармасы, «Дода» арнайы беті оқырманған жол тартады. Аймақтағы өзге де өзекті оқиғалар туралы материалдар жарияланады. Сол себепті, соңғы жаңалықтардан қапы қалмаңыз, оқырман!