Шарбақты ауданындағы мектептерде жеміс бақтары жайқалды

Шарбақты ауданындағы мектептерде жеміс бақтары жайқалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мектеп оқушыларына алма ағаштарының көшеттерін меценаттар сыйлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, облыстық мәслихат депутаты Виталий Соломкин бастама көтеріп, мектептерге екі мың түп жеміс ағашының көшетін сыйға тартқан.

– Біз көшеттерді аудан аумағындағы 24 мектептің барлығына теңдей бөліп беруді жөн көрдік. Сонымен қатар, ағаштардың қалай жерсінетіні мен оқушылардың күтіміне байланысты байқау жарияладық. Нәтижесінде, 20-дан астам үздік оқушы Алматы облысындағы таулы, көрікті жерде орналасқан балалар лагеріне жолдамаға ие болды, – деді аудан әкімі.

Тәрбиелік мәні зор байқау оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, олар үшін жақсы ынталандыруға айналды. Жаз бойы балалар алма көшеттеріне күтім жасап, соның нәтижесінде мектеп аулаларында жас жеміс бақтары жайқалды. Көшеттердің басым бөлігі жақсы тамыр жайып, өсіп шыққан.

Аудандық әкімдікте атап өткендей, табиғатқа жанашырлық пен қоршаған ортаға жауапкершілікті мектеп жасынан қалыптастыруға бағытталған мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ал отырғызылған жас бақтар жыл сайын гүлдеп, балаларға қуаныш сыйлай бермек.